Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады

Қазақстан Корея жұмыс
Фото: Парламент

Қазақстан Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (EPS) қатысушы елдер тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шешімнің ұзақ әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Енді отандастарымыз шетелде заңды, қауіпсіз әрі жүйелі түрде жұмысқа орналаса алады. 

"Корея тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан E-9 жүйесіне қатысушы 18-ші ел болады. Қазір Қазақстанды қоспағанда, EPS бағдарламасына 17 ел қатысады. Олардың қатарында Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш және басқа елдер бар. Орталық Азиядан Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да бағдарламаға қатысады", – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Қазақстан азаматтары 2028 жылдан бастап Оңтүстік Кореяға жұмысқа тартылмақ.

Оған дейін бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын аяқтау қажет. Атап айтқанда, үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою және Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу жоспарланып отыр.

Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жөніндегі жұмысты министрлік 2023 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде азаматтарды іріктеу мен даярлауға мүмкіндік беретін барлық қажетті рәсімдер кезең-кезеңімен орындалған.

“2026 жылдың қаңтарында Қазақстанға келген кореялық сарапшылар делегациясы жүйені іске қосуға дайындық деңгейін бағалаған еді. Сарапшылар EPS орталығын құру, корей тілі бойынша тестілеуді ұйымдастыру, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеруден өткізу және азаматтарды Оңтүстік Корея заңнамасының талаптары жөнінде ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша корей тарапы Қазақстанның жүйеге қатысуға толық дайын екенін растады”, – делінген министрлік мәлімдемесінде. 

Олар қызметкерлерді әділ әрі ашық іріктеуді қамтамасыз ете алатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың, сондай-ақ тілдік даярлықты ұйымдастыруға, EPS орталығының жұмысына және медициналық тексерулер өткізуге қажетті инфрақұрылымның бар екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының аталған елде заңсыз болуына жол бермеу аясындағы ынтымақтастыққа толық дайын екені расталды.

EPS жүйесіне қатысу Қазақстан азаматтарына мемлекеттер белгілеген рәсімдер шеңберінде Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Жаңа тетіктің басты ерекшелігі – жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Үміткерлер жүйеде көзделген барлық кезеңнен өтеді:

  • Корей тілі бойынша тестілеуден;
  • Кәсіби дағдыларын бағалаудан;
  • Медициналық тексеруден өтеді.

“Аталған рәсім ресми түрде іске қосылғанға дейін "Кореяға жұмысқа орналастыруды" немесе іріктеуден жедел өткізуді ұсынатын делдалдарға ақша бермеу қажет”, – деп қазақстандықтарға ескерту жасады министрлік.

 Тіркелу мерзімдері, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеуден өту тәртібі және өзге де кезеңдер туралы барлық ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланады.

Бұған дейін қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат беретін бағдарлама қосылуға жақын екенін жазған едік. 

Stan.kz
Жұма, 14 Тамыз, 2026 15:29