Алматыда метро тоқтап, жолаушылар эвакуацияланды (видео)
Алматыда жарықтың өшуіне байланысты метро қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Алматы метросынан жолаушылардың эвакуацияланып жатқан видеолары тарады.
Метро өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта станциялардағы жарықтандыру мен желдету жүйелері резервтік аккумуляторлық қуат көздері арқылы жұмыс істеп тұр.
"Электр пойыздарының қозғалысы сыртқы электрмен жабдықтау қалпына келтірілгенге дейін тоқтатылады", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жолаушылар станциялар мен пойыздардан эвакуацияланып жатқаны нақтыланды. Метро жұмысының қайта қашан жанданатыны электрмен жабдықтау қалпына келтірілгеннен кейін қосымша хабарланады.
Электр қуатының өшуі
Айта кетейік, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдағы электр қуатының жаппай үзілуіне KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған.
Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады