Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жарық өшкеннен кейін су беру тоқтады

Су краны
Фото: istockphoto.com

Алматының жарық өшкен аудандарында сумен жабдықтау желілерінің жұмысы нашарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

14 тамыз күні сағат 14:38-де Алматы қаласы мен Алматы облысының басым бөлігінде жарық өшті. Оған "KEGOC" АҚ-ға тиесілі электр желілерінде авариялық өшу себеп болды.

Электр энергиясының өшуі мегаполистің сумен жабдықтау жүйесіне де әсер етті. Жарықсыз қалған қала аудандарында ыстық ыстық су өшіп, суық судың қысымы төмендеді немесе мүлдем тоқтап қалған. Бұл жағдай әсіресе, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жиі байқалған.

“Алматы Су” мекемесі тұрғындарға ескерту жасады. 

"Электр қуаты өшкен кезде тұрғын үйлерге су беруді қамтамасыз ететін сорғы станциялары уақытша тоқтауы мүмкін. Сорғы жабдықтары электр қуатымен жұмыс істейді. Электр қуаты болмаған жағдайда сорғы станцияларының жұмысындағы ақау су қысымының төмендеуіне, жоғарғы қабаттарда судың уақытша болмауына, жекелеген үйлер мен шағынаудандарда сумен жабдықтаудың іркілуіне әкелуі ықтимал", – деп мәлімдеді “Алматы Су” мамандары.

Электр қуатының өшуі

Айта кетейік, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлады. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдағы электр қуатының жаппай үзілуіне KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған.

Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Алматы метросы да жұмысын тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады.

Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.

Дана Русланқызы
Жұма, 14 Тамыз, 2026 19:55