Қазақстандық ер адам туыстарымен бірге есірткі қосылған көкнәрды азық-түлік ретінде сатып келген

Павлодарда құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде заңсыз сатып келген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық схеманы ұйымдастырған азамат пен оның екі сыбайласы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, заңсыз табысқа сатып алынған автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодарда есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Істі Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тергеп-тексерді.
Тергеу барысында З.Ф. Алекперовтің құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз сатуды ұйымдастырғаны анықталды. Қылмыстық схемаға оның жақын туыстары да тартылған. Олардың арасында өнімді жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген.
Заңсыз өнімдер басқа өңірлерден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп, көкнәр тұқымы мен дәмдеуіш ретінде сатылған.
Тінту кезінде құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарының буып-түйілген ірі партиялары тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз саудадан түскен қаражат қолма-қол ақша және банк аударымдары арқылы қабылданып отырған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Сот шешімімен З.Ф. Алекперов пен оның екі сыбайласы кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қылмыстық табысқа сатып алынған екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді. Іс аясында құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде есірткі сатумен айналысты деген күдікке ілінген интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылған еді. Полиция 38 жастағы жергілікті тұрғынды ұстап, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркілеген. Кейін есірткі жасырумен айналысты деген тағы бір күдікті қолға түсіп, жалдамалы пәтерден 70 құты гашиш майы (WAX) мен заңсыз жолмен алынған қаражат табылған. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Маңғыстауға шегіртке қаптады: Өңірде мыңдаған гектар алқап химиялық өңдеу жұмыстары басталды
Оқыңыз