Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысының экс-әкімі Екібастұз тұрғындарынан кешірім сұрады

Бүгін Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылған Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол болған оқиғағаларға жауапкершілік арқалайтынын айтты.

"Құрметті жерлестер! Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, барлығын әрқашан да шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді, қалғандарын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай дәл сол – ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема.⠀

Дегенмен, қадірлі Екібастұз тұрғындары, қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! Осы күндері менің барлық ойым мен уайымым сіздер туралы болды және солай қала береді. Сіздерге қайраттылық, ал мамандар мен әріптестеріме мәселенің жедел шешілуін тілеймін", - деп жазды Ә.Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатты.

Талқылау