Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж олимпиадасы: Мұхамедсабыр Базарбайұлының жігері жеңіске жетелейді

Париж олимпиадасына да санаулы уақыт қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын боксшылардың әлеуеті мен мүмкіндігі туралы сараптама жасауды жалғастырады.

Париж олимпиадасына жолдама алған боксшылардың ішіндегі ең ауыр жолдан өткені –Мұхамедсабыр Базарбайұлы. 63,5 келі салмақта өнер көрсететін боксшымыз олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алу үшін 9 жекпе-жек өткізіп, мықтылығын мойындатқан еді. Мұхамедсабырдың да олимпиадада үздіктер қатарынан көріну мүмкіндігі мол. Әрине, отандасымыз басты фавориттердің қатарына кірмейді. Десек те, оның жеңіске деген жігері мен қайтпас қайсарлығы олимп тұғырынан көрінуге мүмкіндік берері анық. 

Мұхамедсабырдың салмағында сынға түсетін спортшылардың ішінде жүлдеге ілінетіндерге тоқталсақ, бірнеше мықты боксшыны ерекше атауға болады. Солардың ішіндегі басты фаворит ретінде француз Софьян Умиа мен Өзбекстандағы қандасымыз Руслан Абдуллаевты айтуға болады.

Дегенмен Франция бокс құрамасындағы алтынға басты үміткерлерінің бірі, мансабындағы соңғы олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағуы әбден мүмкін. Умиа үшін бұл үшінші олимпиада ойындары болмақ. Риода күмісті місе тұтса, Токиода тұғырдан көріне алмаған Софьян Парижде атой салуы әбден мүмкін. Біріншіден, үш рет әлемнің ең үздік боксшысы болған Умиа өте тәжірибелі, тіс қаққан боксшы болса, екіншіден, жергілікті былғары қолғап шеберіне төрешілердің де бір бүйірі бұруы мүмкін.

Умианың жылдамдығы, аяқта қимыл-қозғалысы және қорғанысы өте жоғары деңгейде. Ол – мансабында небір мықтылардың мысын басқан былғары қолғап шебері. Кәсіпқой бокстың жарық жұлдызы, Теофимо Лопес, үш дүркін әлем чемпионы Ласаро Альварес, Абдумалик Халоков сынды сайыпқырандардан бір бас жоғары екенін көрсетіп, сан соқтырған еді.

Одан бөлек, Умиа Париж төрінде сынға түсетін және жүлдеден үмітті саналатын Лаша Гурули, Баходур Усмонов, Радослав Росенов және Эрисланди Альварестің осал тұсын тапқан. Франциялық былғары қолғап шебері қазақ боксшыларына қарсы қалай жұдырықтасу керек екенін де біледі. Ол біздің Саматәлі Төлтаев пен Бейбарыс Жексенді де жеңіп кеткен.

Мұхамедсабыр үшін де Умиа қауіпті, әрі ыңғайсыз қарсылас болатыны анық. Дегенмен Умиа мансабындағы үлкен жетістіктердің барлығына 60 келі салмақта қол жеткізген. Ол тек Токиода 63 келіге көтеріліп, алғашқы айналымда америкалық Кейшон Дэвиске нокаутпен ұтылып қалған еді. Жалпы Умианың мысын басатын тек Руслан Абуллаев болуы мүмкін. Өйткені Русланның жұдырықтасу мәнері Софьянді екі рет ұтқан америкалық Кейшон Дэвиске ұқсайды. 

Қандасымыз Руслан Абудуллаев та Мұхамедсабыр Базарбайұлының басты қарсыластарының қатарында. Абудуллаев – 63,5 келі салмақтағы көшбасшылардың бірі әрі қазіргі әлем чемпионы. Дегенмен соққылары ауыр боксшы олимпиада ойындарына жолдама алған бірде-бір боксшымен осы уақытқа дейін жұдырықтасып көрмеген.

Дегенмен Руслан 63,5 келіде әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. Жұдырықтасу мәнері кәсіпқой боксшылардікіне келетін боксшының сол қолмен бүйірден жасайтын және “хук” соққылары өте жойқын. Арақашықтықты жақсы қысқартып, жойқын соққыларын дарыта алады. Ұлты қазақ Руслан Абдуллаев алғаш рет өзбек бокс тарихында 63,5 келі салмақта әлем чемпионатының алтынын сыйлаған еді. Руслан енді сол ерлігін Парижде де қайталауы әбден мүмкін. Руслан Мұхамедсабырдың мысын басқан Санатәлі Төлтаевті Азия чемпионатында қапы қалдырған еді. Демек, Базарбайұлы үшін де Руслан қиындық туғызатыны анық.

Жалпы Мұхамедсабырдың жеңіске деген жігерін ерекше атап өткеніміз жөн. Ол сол жігердің және қайсарлықтың арқасында жоғарыдағы фаворит саналатын Радослав Росенов, Эрисланди Альварестің мысын басуы әбден мүмкін. Одан бөлек, ол бұл боксшылармен шаршы алаңда кездесіп, шама-шарқын байқап көрді. Шыны керек, екеуіне де жеңілді деп айтуға ауыз бармайды. Егер Париж төрінде жолы түйісіп жатса, кеткен есесін қайтаратынына кәміл сенеміз.

Одан бөлек, әлем чемионатының екі дүркін қола жүлдегері, грузиялық Лаша Гурули мен 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, тәжікстандық Баходур Усмонов та Мұхамедсабырдың мысын басуға әлеуеті жететін спортшылардың қатарында. Сондай-ақ Токио олимпиадасында Закир Сафиуллинді жеңіп, қола жүлдегер атанған Гаррисон Гарсайд пен Рио олимпиадасының қатысушысы, иорданиялық Обада Аль-Касбехте жүлдеге үміттілердің қатарында.

Әрине, отандасымыз үшін бұл боксшылар аса қиындық туғызбауы тиіс. Өйткені Мұхамедсабыр Базарбайұлы осы олимпиадаға жолдама алу үшін қандай қиындықтан өткенін өзі де, жанкүйерлер де жақсы біледі. Шаршы алаңда барын да, жанын да салып жұдырықтасатын отандасымыздың жеңіске деген жігері жүлдегерлер тұғырынан көрсетуге тиіс.       

 

  

Талқылау