Пәкістанда аурухана өртеніп, 14 жаңа туған сәби қаза тапты
Пәкістан астанасы Исламабадтағы ауруханада перзентханадағы өрттен 14 жаңа туған сәби қаза тапты. Қайғылы оқиғаға куә болғандар көмек бірнеше сағатқа кешігіп, нәрестелер жатқан бөлімнің есіктері жабық болғанын айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға сәрсенбі күні таңертең Пәкістан медициналық ғылымдар институтының (PIMS) ана мен бала бөлімінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ғимараттың үшінші қабатындағы кондиционерден шыққан.
Куәгерлердің айтуынша, сол кезде бөлімде 15 сәби болған. Олардың тек біреуі ғана құтқарылған. Хивса Валид есімді куәгер өрт басталған сәтте палатаның маңында болғанын айтты. Оның сөзінше, алдымен айқай естіген, кейін түтінді көрген. Ол туысының жаңа туған сәбиін қолына алып, ғимараттан қашып шыққан.
"Біз заттарымызды да ойлаған жоқпыз. Баланы ғана ұстап алып, төмен қарай жүгірдік", – деді ол.
Қаза болған сәбилердің ата-аналары ауруханада тиісті эвакуация жоспары мен өрт қауіпсіздігі болмағанын айтып отыр. 40 жастағы Хуррам Мехмуд үш күндік қызынан айырылғанын жеткізді.
Ал Хаверия есімді әйел перзентхана есігінің жабық болғанын айтты. Оның сөзінше, полиция оқиға орнына бірнеше сағаттан кейін келген.
"Неге дәрігерлер балаларды сол жерде қалдырды?" – деді ол.
Алайда аурухана атқарушы директоры Рана Имран Сикандер BBC-ге бөлім есігінің құлыптаулы болмағанын, тек жабық тұрғанын айтты.
Оның түсіндіруінше, бұл сәбилерді ұрлықтан қорғау үшін жасалған. Оның айтуынша, бұған дейін мемлекеттік ауруханаларда нәресте ұрлау жағдайлары болған.
Бірнеше куәгер құтқарушылар келгенше адамдардың өздері есікті бұзуға мәжбүр болғанын айтты. Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтау үшін терезелерді де сындырған.
Тағы бір куәгер Абдул Гафур пациенттерді құтқару үшін ғимаратқа кіруге тырысқанын, бірақ перзентханаға жете алмағанын айтты. Оның сөзінше, ғимараттың іші қою қара түтінге толып, науқастар қамалып қалған.
Исламабадтың бас комиссары Сохаил Ашраф болса, алғашқы жедел қоңыраудан кейін құтқару қызметтері оқиға орнына дереу келгенін мәлімдеді. PIMS – Исламабадтағы ең ірі ауруханалардың бірі. Ана мен бала бөлімінде 156 төсек бар. Пәкістанда соңғы жылдары ірі өрт оқиғалары жиілеген. Елдегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, құрылыс нормаларының әлсіздігі және бақылаудың жеткіліксіздігі адам өліміне әкелетін негізгі себептердің бірі ретінде аталады. Осы жылдың қаңтарында Карачи қаласындағы сауда орталығындағы өрттен ондаған адам қаза болған еді. Тірі қалғандар ғимараттағы жабық шығу есіктері адам шығынының көп болуына әсер еткенін айтқан.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф оқиғаға байланысты көңіл айтып, дереу тергеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар ол федералдық денсаулық сақтау министрі Аслам Гауриді қызметінен уақытша шеттетті.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы қарашада Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Джанси қаласында жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде өрт шыққан. Сол кезде бөлімде 54 сәби болған. Өрт салдарынан 10 нәресте қаза тауып, тағы 16-сы ауыр жағдайда қалған.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
