Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзі де жас болғанын түсіну керек": Әріптестері Саят Медеуовтің сөзіне қарсы шықты

Әнші, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Саят Медеуов мән-мағынасыз әндердің көбейіп баратынын айтып, үкіметке ашық үндеу жолдады. Өнер иесі ән мәтініне былапыт сөздер қосып айтатын әріптестерін заңмен тәртіпке келтіруді сұрады. Алайда өнердегі кей әріптестері Медеуовпен келіспейді. Демократиялы қоғамда әркім өз пікірін айтуға құқылы деген әртістер оған тоқтау салу мүмкін емес дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 


Әлеуметтік желіде аса белсенділік таныта қоймайтын Саят Медеуовтің бұл жолы шыдамы шегіне жетсе керек, әнші жан айқайын Instagram арқылы көпшілікке жеткізді. "Сөзінде мағына, әнінде әуезі жоқ, сахнаны мазаққа айналдырған әріптессымақтардан әбден шаршадым" деген әнші Саят Медеуов қазіргі өнерпаздардың әрекетіне қынжылды. Сөзінше, эстрада әншілерінің көбі аузына келгенін айтып, әндеріне былапыт сөздер қосып, ұялмай киелі сахнаға шығып жүр. Ал ең сорақысы, орта жасқа келіп, ел ағасы болған замандастарым солардың жетегіне еріп, мағынасыз әндерді айтып жүр дейді. Өнер қайраткері бұған мемлекеттік деңгейде тоқтау салмаса, бейәдеп бейнебаяндар мен боқауыз сөзді әндер жастардың ой-санасы бұзады деген пікірде.

"Өйткені балалардың барлығының сөйлейтіні ұятсыз сөз. Артық сөз. Үлкенді сыйлау жоқ. Сондықтан осы жағынан бізге мемлекеттік тұрғыда интернетке де, телеарналарға да, барлығына шектеу қоймаса... Өйтпесе болмайын деп тұр. Себебі жекелей айтылмады емес, айтылды. Звондап та айттым. Бірақ, түсініп тұрған ешкім жоқ", – дейді әнші.



Әйтсе де, әнші көңілі қалған әріптестерінің есімін атамады. Ал әріптестері Медеуовтің пікірімен келіспейді. Мәселен, Ғалымжан Молданазар өмірдің өзі жақсы мен жаманнан тұратындығын алға тартты. Ол жастарға еркіндік беру керек, сонда ғана музыка дамиды, өнер қарыштайды дейді. Айтуынша, таңдау көп болса, тыңдарман жанына жақын, ұнаған әндерді өздері-ақ іріктеп алады. 

"Ұнағаннан кейін тыңдайды да адамдар. Оған еш нәрсе айта алмайсың. Ол әр заманда да солай болған. Адам есейе келе жастардың жасаған нәрсесін түсінбейді. Бірақ әркім соны түсіну керек. Өзі де жас болғанын", – дейді Ғалымжан Молданазар.

Ал мәдениетке жауапты лауазымды тұлғалар демократиялық ел болған соң кез келген адамның өзіндік ойы болады дегенді алға тартады. Тек демократия мен сөз еркіндігін басқаша түсініп жүрген кейбір әншілер шектен шығып бара жатқанын жасырмайды. Ол үшін тәрбиенің тал бесігі Отанды сүю, үлкенге құрмет көрсету отбасынан басталуы керек дейді. 

"Бұл демократия алғаннан кейін әркім өзінің ойын ашық айта білетін заманға жеттік. Бірақ оның артында не тұр, біз қайда барамыз, біз кімбіз? Біздің менталитетке келмейтін дүниені қазір сахнаға алып шығып, өз ойымызды жеткіземіз деп біраз жаман сөздерге дейін барып жатырмыз. Әнде ғана емес, кинода да сондай. Соның бәріне бір тоқтам болу керек деп ойлаймын. Әрбірі ойланса екен деймін. Режиссер бар, композитор бар, ақыны бар", – дейді Ж. Елібеков атындағы эстрада және цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы.

Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан қазіргі жеңіл-желпі әндерді орындаушылар, сахнада өзіндік орны бар "Музарт" тобынан, Тоқтар мен Бейбіт, Досымжан Таңатаров сияқты әріптестерінен үлгі алса деп кеңес берді. Ал боқауыз әндерге шектеу қоюдың бір ғана жолы бар. Ол үшін әлеуметтік желіні реттеу туралы заңды қабылдауымыз керек. 

"Енді қазір көркемдік кеңес те бәрі жойылған. Бұған қазір бағынбайды. Шын мәнінде, Саят айтқандай, біз әлеуметтік желіні реттеу туралы арнайы құжатты қабылдаған кезде ғана қабылданады. Ал оның қандай механизмі бар. Ал оны әріптестермен, осы саладағы жүрген азаматтармен терең зерттеу керек",  –  дейді ол.

Әннің де естісі бар, есері бар. Тек сондай әндерімен ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан өнер иелері қоғам алдында жауапты екенін ұмытпаса игі. 

Талқылау