Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме": Саят Медеуов әріптестерін сынға алды

Саят Медеуов арзан хайп үшін "сайқымазаққа" айналған әріптестерін сынға алды. Айтуынша, кей өнер өкілдері жасы келгеніне қарамастан, жастарға теріс үлгі көрсетуде. Медеуов желіге ойына келгенді жүктейтіндерді тәртіпке келтіретін заң шығаруды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әнші бұл туралы ойымен Instagram парақшасында бөлісті. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен заң шығарушы депутаттарға өтінішін білдірді.

"Бір кездері шегіртке деп кемсіткенде, өре түрегеліп айғай салдық. Ал, менің өнердегі кейбір әріптессымақтарымның істеп жүргеніне қарасам, енді шегіртке емей не болдық?

Менің қатарымдағы жасы елуге таяп қалған кейбір бауырларымның қылығы қарынды аштырады. Ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан былапыт сөз.



Елуде ел ағасы болып бата беретін жасқа келдіңдер ғой. Бүгінгі құлқынның құлы үшін боқауыз сөз айтып, сайқымазақ болып жүргендеріңді ертең қартайғанда немере-шөбереңе қалай түсіндіресің? Қай бетіңмен оларға ақыл айтасың? Олар сайқызмазақ, аузының дуасы жоқ шалды тыңдай ма? “Атан түйе құтырса жұт болады” - деуші еді ақсақалдар. Бүгін танымал болудың ең оңай жолын таңдағанмен, ертеңгі күнімізді неге ойламаймыз?

Құрметті президент мырза және депутаттар, ұрпақтың болашағын ойласақ, қазақы құндылықтары сақталған ұлт боламыз десек, бүгінгі бетімен кеткен әлеуметтік желіні ретке келтіру керек. Аузына келгенді айтып интернетке жүктейтінді жүгендейтін заң шығаруыңызды талап етемін.

Мен үшін тәрбиелі, санасы ояу, білімді ұрпақтың болашағы маңызды. Елдің ертеңін ойласақ барынша бөлісіп, жоғарыға жеткізейік. Қолдау күтемін. Жауапты адамдарды белгілей кетіңіздерші. Өтініш иесі - Саят Медеуов", - деп жазба қалдырды әнші.

Желі қолданушылары әншіге қолдау білдірді.

Талқылау