Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орал әуежайында Қазақстанды балағаттаған шетелдікке айыппұл салынды

әуежай
Фото: Яндекс Карты

Орал әуежайында көлік полициясы қоғамдық тәртіпті бұзған 52 жастағы шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ер адам Ыстамбұл – Орал рейсімен келген соң паспорттық бақылаудан өту кезінде көзге түскен. Ол бақылау залында балағат сөздер айтып, Қазақстанның атына тіл тигізген.

Полиция қызметкерлері шетел азаматын кезекші бөлімге жеткізіп, оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Оған қоса онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, Қазақстан заңнамасының талаптары түсіндірілді.

Сот ер адамды құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған әкімшілік айыппұл салды. Сонымен қатар болашақта мұндай әрекеттерді қайталамау туралы ескерту жасалды.

Еске салайық, барлық әуежайда жолаушылар сақтауы тиіс ережелер бар. Мәселен, бомба, қару-жарақ және басқа да қауіпті заттар туралы әзілдеуге болмайды. Оған қоса тексеру кезінде қауіпсіздік қызметкерлерімен жанжалдасып, белгіленген ережелерге қатысты эмоцияға беріліп сөйлеуден аулақ болған жөн.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әуежайларында тіркеуді ұшуға бір сағат қалғанда аяқтау ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 09 Қазан, 2026 08:10