Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі "гүл сыйлауға болмайды" деген мәлімдемесін өзгертті

гүлдер
Фото: mel.fm

1 қыркүйек қарсаңында мұғалімдерге гүл сыйлау мәселесі қызу талқыланды. Министрліктің бастапқы мәлімдемесі ата-аналар мен гүл бизнесінің наразылығын туғызса, кейін ведомство гүл сыйлауға толық тыйым жоқ екенін нақтылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлау мәселесіне қатысты Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. 28 тамызда Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл немесе басқа да сыйлық беруге болмайтынын мәлімдеген еді.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналистер ата-аналардың 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл шоқтарын апаруына қатысты сұрақ қойды.

"Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге болмайды. Мұны біз арнайы атап көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ", – деді Шынар Ақпарова.

Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде ата-аналар мен гүл бизнесі өкілдері өз наразылықтарын білдірді. Кәсіпкерлердің айтуынша, 1 қыркүйек – гүл дүкендері үшін маңызды күндердің бірі. Сондықтан олар мерекеге алдын ала дайындалып, тауар сатып алып, арнайы топтамалар әзірлеген.

Threads желісіндегі Әсел есімді қолданушы министрліктің мәлімдемесін түсінбей қалғанын жазды.

"1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға болмайтыны туралы жаңалықтың тарауы бәрін шок жағдайына түсірді. Білім күніне үш-ақ күн қалғанда мұндай ақпараттың шығуы түсініксіз. Гүл сататындардың 90%-ы алдын ала дайындалып, тауар алуға, маркетингке ақша жұмсады. Барлығы 1 қыркүйекте жақсы жұмыс істеуге дайындалған еді. Ал енді не болмақ? Мұғалімдерге гүл сыйлау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өзімнің бірінші сыныпқа барған кезімді әлі күнге дейін есімде сақтаймын. Бәріміз қолымызға гүл ұстап, әдемі болып сапта тұратынбыз. Қалай сонда? Министрлік бұл дәстүрге тыйым салу керек деп шешті ме? Мұғалімдер тіпті бір шоқ гүлге де лайық емес пе?" – деп жазды ол.
Фото: threads.com желісінен скрин

Гүл бизнесі өкілі ретінде пікір білдірген тағы бір желі қолданушысы да жаңалыққа алаңдаушылық танытты.

"Қазақстанда 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға тыйым салынды деген бүгінгі жаңалықты естідім. Шынымды айтсам, не ойларымды білмей отырмын", – деп жазды ол.
гүлдер
Фото: threads.com желісінен скрин

Ал тағы бір қолданушы мұндай шешім мұғалімдермен қатар гүл сататын кәсіпкерлерге де әсер ететінін айтты.

"Қазақстанда 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға тыйым салынды. Бұл не деген ұят? Мұғалімнің еңбегі соншалықты бағаланбай ма, тіпті гүлге де лайық емес пе? Барлық гүл дүкендері бұл күнге 8 наурызға дайындалғандай дайындалады. Қомақты қаржыға тауар сатып алады, арнайы топтамалар әзірлейді. Оның үстіне бұл күні флористердің жұмысқа шығу ақысы да жоғары болады, көпшілігі осы күннен түсетін табысқа үміт артады. Осындай тізбектегі қаншама адам зардап шегуі керек? Неге?" – деп жазды ол.

Алайда кейін Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, гүл сыйлауға толық тыйым салынбағанын нақтылады.

Министрліктің мәліметінше, 1 қыркүйекте мұғалімге гүл сыйлау жақсы дәстүр болып қала береді. Алайда бұл ата-аналар мен балалар үшін міндетке айналмауы керек. Гүл сыйлау немесе сыйламау әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болуы тиіс.

Ведомство гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі маңызды екенін атап өтті. Ал білім беру ұйымдары ата-аналарға гүл немесе сыйлық сатып алуды міндеттемеуі, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұндай бастаманы өздері көтермеуі керек.

Министрлік оқу жылының алғашқы күнін артық салтанатсыз, жылы әрі жағымды атмосферада өткізудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте балаларға мұғалімді құрметтеу, қарапайымдылық пен мейірімділік құндылықтарын сіңіруге басымдық берілуі қажет.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 14:45