Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда 29 жасар қазақстандық көз жұмды

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық кенеттен көз жұмды. Бұл туралы оның туыстары хабарлады. Айтуынша, олар марқұмның денесін елге әкеле  алмай отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Қыруар қаржы керек. Ал сыртқы істер министрлігі құжаттарды рәсімдеуге, мәйіт тасымалдайтын компанияны ғана тауып беруге көмектесетін көрінеді. Ал шығынды отбасы өзі өтеуі тиіс. Бірақ, қарапайым жанұя қажетті ақшаны таба алмай отыр.

29 жастағы шымкенттік-Батыр Оспанов жұмыс іздеп  4 жыл бұрын шетел асқан. Оңтүстік Кореяда қара жұмысшы боп еңбек етіп, отбасын асыраған.  Енді, әне-міне елге қайтам деп жүргенде, көз жұмыпты.

“Құдай қаласа келемін бәрі жақсы болады, мына жақта 1-2 жоспарларым бар. Фирма саламын, үйлер саламын деп армандап жүретін. Жақында қайтамын деп жүрген еді”, – дейді Батырдың інісі Жәнібек Тағаев.

Батырдың артында екі баласы мен әйелі қалды. Жұбайының  айтуынша, 10 күн бойы Батырдан хабар ала алмаған. Соңғы рет хабарласқанда, анасының ауыр халде жатқанын естіп, жүрегі мазалап жүргенін айтқан.

“Анасының хабарын айтып отыратынмын ғой, осылай деп. Осының бәрі ауыр тиді, себебі, алыста жүрген соң жүрегі қысылып, жұмысқа бара алмай жатқан”, – дейді Батырдың жары Замира Оспанова. 

Ал Оңтүстік Кореядан марқұмның денесін алдырту үшін біраз қаражат керек дейді. Кореядағы қазақстандық блогер Самат Ахметовтің айтуынша,  жергілікті полицияның алдын ала сараптамасы бойынша  Батыр жүрек талмасынан көз жұмған болуы мүмкін.   

“Оңтүстік Кореяда қайтыс болған шетел азаматтарын өз елдеріне жіберетін арнайы компаниялар бар. Бұл компания арнайы марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу үшін 10 млн вон сұрап тұр Бұл Қазақстанның теңгесімен 3,5 млн теңге. Корея елінде заңсыз жүрген отандастарымыз осындай жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан елшілік тарапынан ешқандай қаржылай көмек көрсетілмейді”, – дейді блогер Самат Ахметов. 

Сыртқы істер министрілігі, бұл мәселеден хабардар. Бірақ министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекет тек құжат рәсімдеуге және арнайы компанияларды табуға көмектеседі. Ал, мәйітті жеткізу  шығынын отбасы өзі көтереді.  

Шетелге шығарда сақтандыру полисін ешкім жасағысы келмейді, сондықтан осындай жағдай болады дейді. Мыңдаған қазақстандық үшін Оңтүстік Корея тартымды еңбек нарығына айналған. Самат Ахметовтың айтуынша, бұған дейін Кореяда күнкөріс қамымен  заңсыз жұмыс істеп жүріп, қаза тапқан  36 қазақстандықтың денесі елге жеткізіліпті.

 

Талқылау