Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онсыз да сөмкесінің салмағы 12 келі": Оралда ата-аналар оқушылардың мектепте екінші аяқ киім ауыстыруына наразылықтарын білдірді

Оралда ата-аналар мектепке оқушылардың екінші аяқ киіммен баруына наразылықтарын білдіруде. Сөздерінше, онсыз да ауыр кітаптар салынған сөмке балалардың денсаулығына зиян келтіреді. Ал қосымша аяқ киім тасу тіптен артық жүк, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап. 

“Бүгін мен қызым оқитын №7 мектепте болдым. Онсыз да оның күнделікті тасып жүрген рюкзагының салмағы 12 келі. Оның үстіне мектепте балалар өздерімен бірге екінші аяқ киімдерін апарып, ауыстырып кіреді дейді. Не үшін? Біз Оралда үшінші жыл тұрып жатырмыз және мұндай талаптарға тап болып отырған бірінші қаламыз. Балалар қар, жаңбыр жаумаса да, аяқ киімдерін ауыстыруға мәжбүр. Ал оны ауыстыруға ешқандай жағдай жасалмаған. Мұнымен қоймай, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер бірігіп, балалардың аяқ киім ауыстыруын қадағалайды екен. Білім бөлімі қазір ХХІ ғасыр екеінін білетін шығар. Еліміздің өзге қалаларында мұндай талап жоқ. Осы ауыр сөмкелердің әсерінен балалар сколиоз, остеохондроз, грыжа сияқты аурулармен ауруы мүмкін”, – деп ренжіді оқушының әкесі.

Бұл айтылған наразылықты басқа мектептің ата-аналары да қолдады.

“Біздің мектепте жалпы кроссовкамен жүруге тыйым салынған. Сондықтан дене шынықтыру сабағы болатын күні бала мектепке спорттық аяқ киімін тасиды. Мектепте неге балаларға аяқ киімдері мен спорттық формаларын қалдыруға арналған шкафтар орнатылмайды? Ал егер балалардың барлығы мектепке аяқ киімдерін ауыстырып кіретін болса, онда техникалық қызметкерлердің тұтас бір штаты не үшін қажет?” – деп қосты оқушының анасы.



Мектеп барлығы балалардың игілігі үшін жасалынып жатқанын айтты.

“Барлық оқушылар қолайлы оқу жағдайын жасау үшін ауа райы жағдайына қарамастан мектепке ауыстыратын аяқ киім әкелуі қажет. Бұл мектеп оқушыларының денсаулығын сақтаумен байланысты. 4-5 сағатын мектепте өткізетін балалар көше шаңын жұтпауы керек. Мектепте күніне екі ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Бірақ егер оқушылар аяқ киімдерін ауыстырмай келсе, бәрібір шаң кетпейді. Мектеп директоры қазіргі таңда оқушылардың оқу құралдары мен аяқ киімдерін сақтауға арналған  жеке шкафтарын сатып алуға шешім қабылдап, балаларымыздың оқу үдерісін жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда”,  – деп жауап берді №7 орта мектеп әкімшілігі.

Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі ҚР білім беру саласындағы заңнамалық актілерінде оқушыға мектепте аяқ киім ауыстыру қажеттігі көрсетілмегенін, дегенмен әр мектептің ішкі тәртібіне сәйкес балалардың денсаулығы сақтау және таза ауа үшін аяқ киім ауыстыру шаралары енгізілгенін айтты.

Талқылау