Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ондай қаражатты қалтамыз көтермейді": Ресейден келген азаматтардың күрт көбеюінің кесірінен Ақтөбеде студенттер баспанасыз қалды

Елімізге Ресейден келген азаматтардың күрт көбеюінің кесірінен Ақтөбеде кейбір студенттер баспанасыз қалды. Олардың айтуынша, пәтер иелері алғашында келіскен жалдау ақысын бірден өсіріп жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ал бұл қиын жағдайды ескерген білім ордасының басшылығы студенттеріне жатақханадан орын тауып, орналастырып жатыр.

Тіпті университеттердің бірінде тәлімгерлерге жалға берушімен дауды шешу үшін тегін заңгерлік көмек көрсету үшін "сенім телефоны" қосылған.

Оқу жылы басталған тұста Ресейден келіп жатқан халық саны артып, жалға берілетін пәтердің құны да аспандап кетті. Мәселен, Ақтөбедегі Жұбанов университетінің педагогика мамандығының студенті Ақжүніс Хамзаның айуынша, ол құрбыларымен бірге екі бөлмелі пәтерді алғашында 80 мың теңгеге жалдаған. Ал, сырттан келген клиенттер көбейген соң, пәтер иесі жалдау құнын бірден 150 мың теңгеге көтерді дейді.

“Бізге бір апта уақыт берді. Егер қалам десеңіздер ақшасын беріңіздер, қалмаймын десеңіздер бір аптаның ішінде босатып берулеріңізге болады деді. Біз әрине студентпіз, біздің ондай қаражатты қалтамыз көтерген жоқ. Сондықтан біз жатақханаға өтініш бердік”, – дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Ақжүніс Хамза. 

Студенттердің айтуынша, білім ордасының басшылығы далада қалған студенттерінің мәселесіне алғашылардың бірі болып назар аударған. Университет ректоры 32 студент баспанасыз қалған деді. Елдегі пәтер құнының аспандап кеткенін түсінген басшылар шұғыл шешім қабылдап, барлық тәлімгерге жатақханадан орын берген екен.

“Шұғыл шешім қабылдап, мен өзімнің студенттерге арналған үндеуімді жарияладым әлеуметтік желілерде. Тұрғын үйдің бағасының күрт өсуіне көңілі толмаған студенттер немесе далада қалған студенттер болса біздің жатақханаға келсін деп айттық. Ешқандай да ережеге қарамастан, күрделі жағдайды ескеріп біз жатақханаға орналастыратынымызды айттық”, – дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабасова. 

Бұл оқу ордасының төрт жатақханасы 2200 орынға есептелген. Қазіргі уақытта 1800 студент осында тұрып жатыр. Облыстық ішкі саясат басқармасындағылар студенттердің тұрғын үй мәселесі ерекше бақылауда екенін, олар үшін міндетті түрде бос орын табатынын айтты. .

Талқылау