Париж олимпиадасы: Сәкен Бибосынов Токиодағы олқылықтың орнын толтыра ала ма
Төрткүл дүние көз тігетін төрт жылдықтың басты додасына тура бір ай ғана уақыт қалды. Париж олимпиадасында сынға түсетін спортшылар да дайындықтарын тыңғылықты пысықтап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әрине, әр олимпиадада Қазақстан құрамасы қанша алтын иеленеді деген сұрақ туындайтынын білеміз. Токио төрінде тұңғыш рет алтын жүлдесіз қайтқан Қазақстан құрамасы сол қателікті Париждегі дүрмекте жібермеуі тиіс. Әсіресе, үміт артқан боксшыларымыз алғаш рет олимпиададан алтынсыз қайтқан еді. Тек Сәкен мен Қамшыбектің қола жүлдесін қанағат тұттық. Осы орайда, Stan.kz ақпарат агенттігі Париж олимпиадасында бақ сынайтын Сәкен Бибосыновтың Токиодағы қола жүлдесін алтынға алмастыру мүмкіндігі туралы сараптама жасауды ұйғарды.
Фото: IBA
Сәкен Бибосынов Қазақстан құрамасындағы екінші рет олимпиада ойындарына қатысатын 18 спортшының қатарында. Яғни, тәжірибесі толысқан, сақа спортшылардың бірі. Боксшыларымыздың ішінде алтыннан басты үміткерлердің бірі – осы Сәкен. Токио төрінде тамаша өнер көрсеткен былғары қолғап шеберінің жартылай финалдағы жеңілісі әлі де жанкүйерлердің жадында болуы тиіс. Бір ғана қателік отандасымызды алтын жүлде үшін айқасудан қақты. Дегенмен қазіргі Сәкеннің деңгейі, боксы әлдеқайда өскен, техникалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да “арсеналы” артқан. Оның үстіне ол 51 келіде өзін судағы балықтай сезінеді. Аса көп салмақ қумайды, әрі функционалдық тұрғыдан да шармайды. Сондай-ақ қарсыластары да байырғы спортшылар. Олимпиадаға жолдама алған 17 спортшының ешқайсысы осал боксшылар емес. Дегенмен Сәкеннің басты қарсыластары ретінде және алтынға үміткер спортшылардың қатарына кіретін 5-6 боксшыны ерекше атауға болады.


Токио төрінде жұдырықтасқан боксшылардың төртеуі тағы да Парижде өнер көрсетеді. Сәкеннің байырғы қарсыласы саналатын солардың бірі–жергілікті боксшы Биллаль Беннама. 26 жастағы Беннама да Парижге басты фаворит ретінде барады. Жалпы Бибосынов француз боксшысымен 4 рет жұдырықтасып, екеуінде жеңіске жетсе, екі рет қарсыласына есе жіберген. Алғаш рет қос спортшы 2015 жылы Сербияда өткен турнирде қолғап түйістіріп, Беннама басым түссе, араға 4 жыл салып, 2019 жылы Венгриядағы турнирде жолыққан. Сол жекпе-жекте Сәкеннің мерейі үстем болып, Беннаманың осал тұсын оңай тапқан еді. 2021 жылы Германиядағы турнирде Сәкен мен Беннама үшініші рет жұдырықтасып, Беннама басым түсті. Бірақ дәл сол жылы өткен Токио олимпиадасының алғашқы айналымында Сәкен француз боксшысының адымын аштырмай, айқын басымдықпен ұтқан еді. Беннама лицензиялық Еуропа ойындарында 5 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен еді. Бірақ Беннама соңғы үш жекпе-жегінде қарсыластарынан жеңіліп қалған. Бұл боксшының осал тұсын жақсы білетін Сәкен Париж алаңында да айласын асыратынына кәміл сенеміз.

Кубалық Алехандро Кларо мен америкалық Роско Хилл де Сәкен үшін қиын қарсыластардың бірі болмақ. Дегенмен отандасымыз екеуімен де жұдырықтасып, екеуінде жеңген. Роско Хиллді 2021 жылғы әлем чемпионатының финалында қапы қалдырса, Алехандро Клароны 2022 жылы Астанада өткен “Елорда” кубогінде ұтқан еді. Сондықтан Сәкеннің бұл боксшыларға қарсы қолданатын айла-тәсілі жетерлік. Бастысы жақсы бабында болып, білгенінен жаңылмаса болғаны. Сәкенге тегеурін көрсететіндердің қатарында жастар арасындағы екі дүркін Еуропа чемпионы, әзірбайжандық Ниджат Гусейнов пен соңғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы, 23 жастағы Самет Гюмюш бар. Дегенмен екеуі де әлі Сәкен сияқты саңлақпен кездесіп көрген жоқ. Сәкен тәжірибесінің арқасында бұл боксшылардан басым түсуі тиіс. Әрине бәрі бап пен баққа байланысты болатыны анық. Десек те, отандасымыздың бабы мен бағы қатар шауып, Париж олимпиадасының чемпионы атанатынына кәміл сенеміз. Сәкеннің чемпион атануға әлеуеті толық жетеді және жеңіс тұғырына көтерілу үшін қажетті барлық қасиеті бар.
Қазақстандық оқушыларға теріс басылған оқулық берілген: Баспа не дейді

