Нұр-Сұлтанда оқушы қызға қол жүгірткен жігіт 10 тәулікке қамалды
Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты үйдің кіре берісінде кәмелетке толмаған қызға тиіскен күдікті ұсталып, қамалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
"Кәмелекет толмаған қызға қол жүгірткен астаналық 10 тәулікке қамауға алынды. Бұған дейін "102" каналына астана тұрғыны кешкі уақытта тұрғын үйдің кіре берісінде оның 16 жастағы қызына бейтаныс ер адам тиіскенін хабарлаған болатын", -деп жазылған департаменттің мәліметінде.
Іздестіру шарасы кезінде 20 жастағы студент ұсталған болатын.
"Заң бұзушының үстінен айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсетіп, мазасын алу фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бүгін күдікті Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылыған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 10 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдауға арналған орынға жіберілді", - деп жазылған департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, күдікті автобустағы камералардың көмегімен ұсталған болатын.