"Нұрайды қоймай мазалады": Марқұмның жақын құрбысы сотта мәлімдеме жасады (видео)

Марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде оның жақын құрбысы куәлік беріп, Шерханның бірнеше рет іздеп келгенін, өзін де қорқыныш билегенін және Нұрайға қатысты айтылып жүрген кейбір мәлімдемелермен келіспейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Тағы келіп қалмай ма деп үйден шығуға қорықтым"
Сот барысында куәгерден Шерханның Алматыға және Нұрай жүрген жерлерге қанша рет келгені туралы сұралды. Куәгердің айтуынша, өзі көрген кезде Шерхан бір рет келген. Ал кейін бұл туралы Ақсезімнен бірнеше мәрте естіген.
"Мен бар кезде бір рет келген. Одан кейін Ақсезім әпкемнің айтуы бойынша, 3-4 рет келген. Нажо апайдың университетіне де барған. Сол кезден бастап қатты қорықтым. Тағы бір Шерхан келіп қалмай ма екен, тағы бір нәрсе сұрамай ма екен деп үйден шығуға қорқатын болдым", – деді куәгер.
Оның сөзінше, Шерхан алғаш келген күні де өзін бірнеше рет сыртқа шақырып сөйлескісі келген.
"Сыртқа шығып сөйлесейік деп қайта-қайта айтты. Мен қатты қорқып кеттім. Үйге кіріп бара жатқанда Ақсезім әпкеме хабарласып, тез келуін өтіндім”, – дейді марқұмның құрбысы.
Куәгердің айтуынша, Ақсезім оқиға орнына құрбысымен бірге келген.
"Ақсезім әпкем қасына құрбысын ертіп келді. Олар мені ішке кіргізді. Егер қажет болса, сол құрбысы да осы жағдайға куәлік бере алады”, – дейді куәгер.
Ол осыдан кейін Шерханмен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартқанын айтты.
"Мен сыртқа шықпайтынымды, сөйлеспейтінімді айттым. Бірақ ол қайта-қайта Нұрай туралы сұрап, сөйлестіріп беруімді өтінді. Мен бұған келіспедім”, – деді марқұмның құрбысы.
"Нұраймен соңғы рет 29 желтоқсанда кездестім"
Судья куәгерден Нұраймен соңғы рет қашан кездескенін сұрады. Куәгердің айтуынша, соңғы жүздесу 29 желтоқсан күні кешкі уақытта болған.
"29 желтоқсан күні кешкі 7:30 шамасында кездестім. Алматыда жұмысым бітіп, Ақсезім әпкеме зат апаруға барғанмын. Есікке барған кезде Нұрай өте жайдары көңіл күйде қарсы алып, құшақтап амандасты. Әңгімелесіп отырдық. Кейін заттарымды алып үйге қайтып кеттім. Сол кезде Сұлтан ағаны да көргенмін”, – дейді куәгер.
Ал Нұрайдың қайтыс болғанын кейінірек құрбыларынан естіген.
"Нұрайдың өмірден өткенін 11 қаңтар күні түнгі 12 шамасында құрбыларым арқылы білдім”, – дейді куәгер сот отырысында.
"Нұрай ешқашан біреуге тиісетін адам емес"
Сот барысында куәгерден әлеуметтік желіде тараған видеолар мен Нұрайдың мінез-құлқы туралы сұралды.
Ол Нұрайдың ешқашан жанжал шығаратын адам болмағанын айтты.
"Видеоларды көрдім. Бірақ Нұрай ешқашан біреуге тиісіп, "сен ондайсың, сен мұндайсың" деп ұрысатын адам емес. Нұрай мені ұрды, Нұрай маған былай істеді" деген сөздердің бәрі өтірік. Нұрай ондай адам емес. Оның қандай адам болғанын отбасы, жақындары және біз жақсы білеміз”, – дейді марқұм Нұрайдың құрбысы.
Сотта куәгерден Шерхан тарапынан күш көрсету немесе қорқыту әрекеттері туралы не білетіні сұралды.
Куәгер мұның бәрін өз көзімен көрмегенін, алайда Ақсезімнен естігенін айтты.
"Ақсезім әпкемнен естідім. Алғашқы кезде қоқан-лоқы көрсеткенін, машинаға күштеп отырғызғанын, телефонын тартып алып бұғаттап қойғанын айтқан болатын. Тіпті Нұрайдың киімін де ауыстырып тастағанын естідім”, – деді куәгер.
"Нөмірлерін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болды"
Келесі сұрақ Нұрай мен оның отбасын мазалау мәселесіне қатысты болды. Куәгердің сөзінше, Шерхан Нұрайды да, оның жақындарын да тыныш қалдырмаған.
"Ол Нұрайды қоймай мазалады. Үйіне де барды. Нұрай ғана емес, өзім де қорқып жүрдім. Әкесі мен анасы телефон нөмірлерін 2-3 рет ауыстырғанын айтқан. Тіпті біздің көзімізше Beeline нөмірін ауыстырып жатқан”, – дейді куәгер.
"Нұрайдың туған күнінде гүл біздің үйге келді"
Куәгер Нұрайдың туған күніне қатысты бір жайтты да айтып өтті. Оның сөзінше, 15 қарашада Нұрай туған күнін атап өту үшін Шымкентке кеткен.
"Мен кешкі сағат сегіздер шамасында университеттен келгенде, есіктің алдында үлкен ақ раушан тұрды. Ақсезім әпкем "Шерханнан" деді. Сол кезде гүлді қоқысқа тастап жібердік”, – дейді марқұмның құрбысы.
Куәгер сотта Шерханның "Нұрайға гүл сыйладым, ақша бердім" деген сөздеріне де пікір білдірді.
"Бұл өтірік. Нұрай біреуден ақша сұрайтындай жағдайда болған жоқ. Ең қызығы – Нұрай туған күнінде Шымкентте жүрген. Оның қайда екенін білмей тұрып біздің мекенжайға гүл жіберген. Егер шынымен Нұрай сұраса, гүлді Шымкентке жіберер еді”, – дейді ол.
Сот соңында куәгерден Шерханның іздеп жүргені туралы Нұрайға өзі хабарлаған-хабарламағаны сұралды.
Куәгер бұл ақпаратты тікелей емес, Ақсезім арқылы жеткізіп отырғанын айтты.
"Көбіне бәрін Ақсезім әпкеме айтатынмын. Ол Нұрайға жеткізсін дедім. Өйткені Нұраймен соңғы төрт айда бұрынғыдай жақын араласпадық. Ал Ақсезім екеуі бірге тұрған, өте жақын еді. Сондықтан бәрін Ақсезімге айтып беретінмін. Нұрай ешқашан агрессия көрсететін адам емес. Оның қандай жан болғанын біз өте жақсы білеміз”, – дейді марқұм Нұрайдың құрбысы.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз