Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрін тану мүмкін болмады": Сотта Нұрайдың ағалары жауап беріп, қарындасының соңғы сәттерін есіне алды

сот
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның ағалары жауап берді. Олар қарындасының қаза болар алдындағы соңғы сәттерін есіне алып, күдіктінің Нұрайды үй алдында әдейі күтіп тұрғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

“Олар ешқашан қыз-жігіт болып жүрген емес”

Сотта Нұрайдың ағасы Дінмұхамед Серікбай жауап берді. Ол сотталушыны алғаш рет 2025 жылдың шілдесінде туыстарының үйлену тойында көрген. Сол кезде жігіттің Нұрайға ұзақ қарап отырғаны есінде қалған.

Кейін тамыз айында Нұрай үйге гүл шоғын алып келген. Ағасының сұрағына ол өзіне бір жігіттің көңіл білдіріп жүргенін айтқан.

"Қыркүйекте ата-анам бір жігіттің Нұрайға қызығушылық танытып жүргенін айтты. Таныстар арқылы ол туралы сұрастырдық. Ол жайлы пікірлер жақсы болмады. Мінезі жанжалқой, үнемі дау шығарады деді. Кейін Нұрайға өзін сәулетші деп таныстырғаны, бірақ тұрақты жұмысы жоқ екені белгілі болды. Ооның болашағы жоқ деп ойладым және бұл пікірімді анама да, Нұрайға да айттым. Екеуінің арасында ешқандай романтикалық қарым-қатынас болған жоқ. Нұрай оны тек танысы ретінде қабылдайтын. Сирек кездесуге тек сыпайылық үшін келісетін", – деді Дінмұхамед Серікбай.

Екі рет SIM-картасын ауыстырды

Дінмұхамед Серікбайдың айтуынша, алып қашу оқиғасынан кейін Нұрай үнемі қорқынышпен өмір сүрген. Ол сотталушының телефон нөмірін бұғаттағанымен, жігіт бөтен адамдардың нөмірі арқылы хабарласуын тоқтатпаған. Салдарынан Нұрай ағаларынан екі рет SIM-картасын ауыстыруға көмектесуді сұраған.

Туыстары оны отбасының қасында болуы үшін Алматыдан Шымкентке ауысып оқуға үгіттеген. Алайда Нұрай оқуын Алматыда аяқтауды жөн көрген. Ағасының айтуынша, телефон нөмірін ауыстырғаннан кейін де аңді тоқтамаған.

“Көпшілік арасынан өтіп, Нұрайға әрең жеттім”

Сотта Нұрайдың тағы бір ағасы Сұлтан Серікбай да жауап берді.

Оның айтуынша, 5 қазан күні кешке туыстарының бірі Нұрайды алып қашқан болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Сағат 21:00 шамасында Сұлтан немере ағасымен бірге күдіктінің үйіне барған. Сол кезде үйдің алдына шамамен 50 адам жиналып тұрған.

“Көпшіліктің арасынан өтіп, Нұрай отырған бөлмеге кірдім. Жанына барып, “Осында өз еркіңмен келдің бе?” деп сұрадым. Ол жылап жіберіп: “Сұлтан, сені күтіп отырдым. Маған қорқынышты. Мен мұнда өз еркіммен келген жоқпын. Мені алып кетіңдерші”, – деді”, – деп еске алды Сұлтан Серікбай.

Оның айтуынша, сол кезде сотталушының туыстары агрессивті әрекет жасап, ағайындыларды итеріп, Нұрайдан ажыратуға тырысқан. Сонымен қатар болған жағдайды дәстүрмен ақтауға әрекет еткен.

Сұлтан Серікбайдың сөзінше, сотталушының әкесі мұны кәдімгі қыз айттыру рәсімі ретінде көрсетуге тырысқан.

Сұлтан Серікбайдың айтуынша, сол күні кешкі сағат 17:30 шамасында ол үйден моншаға кеткен. Оған дейін Нұраймен бірге кешкі ас ішкен.

“Нұраймен бірге соңғы рет кешкі ас іштік. Оның соңғы кешкі асы екенін білген жоқпын. Нұрай ас әзірлегенді ерекше жақсы көрді. Сол күні оған “Бүгін сүзбелі бәліш істеші” деген едім. Ол “жарайды” деп келісті”, – деді Сұлтан Серікбай.

Ол қайғылы жағдайдан кейін үйге келгенде ас әзірлеу процесі аяқталмай қалғанын көрген.

“Үйге келсек, қысқатолқынды пеш ашық тұр. Қамыры мен сүзбесі дайын, қопсытқыш тұр. Тек ұн ғана жоқ екен. Газ өшірілген, борщ та жартылай дайын тұрған”, – деді ол.

Сұлтан Серікбайдың пікірінше, Нұрай дәл осы ұнды алу үшін үйдің жанындағы “Грамад” супермаркетіне шыққан.

“Ол Нұрайды әдейі күтіп тұрған”

Марқұмның ағасы сотталушының Нұраймен кездесуге алдын ала келіскені туралы нұсқаны жоққа шығарды.

“Нұрай ешқашан онымен кездесуге шықпайтын еді. Ол тек ұн алуға кеткен. Меніңше, бұл оны “Грамадтың” алдында күтіп тұрған”, – деді ол.

Оның айтуынша, бейнебақылау камераларында Нұрайдың күдіктіні көргеннен кейін кері бұрылып, үйіне қарай қайтпақ болғаны байқалады.

Сонымен қатар Сұлтан Серікбай оқиға кезінде жолмен өтіп бара жатқан куәгердің болғанын айтты.

“Куәгер Нұрайдың “Ұстама мені, ұстама мені” деген сөздерін естіген. Видеодан да оның қолынан ұстап тұрғанын көрдіңіздер”, – деді ол.

“20 шақты полиция көлігі тұрғанын көрдім”

Марқұмның ағасы моншадан шыққан кезде үй маңында жиналған жедел жәрдем мен полиция көлігін көрген. 

“Алғашында өрт болған шығар деп ойладым. Бірақ сыртқа шықсам, шамамен 20 шақты полиция көлігі тұр екен”, – деді ол.

Оның айтуынша, тергеушілер қара түсті Hyundai Mufasa көлігін іздеп жүргенін айтқан. Ал Нұрайдың ағасы оның нөміріне дейін айтып берген. 

Сұлтан Серікбай күдіктіні тезірек ұстау үшін полицияға бар білген мәліметін айтқан. 

“Қайда баруы, қандай әрекет жасауы мүмкін екенін түгел айтып бердім. Себебі оны тезірек табу керек болды”, – деді ол.

Марқұмның ағасы түнгі сағат 01:00 шамасында мәйітханаға барған. Ол Нұрайды көргенде өзін ұстай алмаған.

“Мәйітханаға дейін өзімді әрең ұстап келдім. Бұл өмірімдегі ең ауыр сәттердің бірі болды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Денесінде сау жер қалмаған еді. Күртешесін пышақ тесіп өткен. Мойны жараланған. Бет-әлпетін тану мүмкін емес болды. Интернетте тарап жүрген сурет оның нақты жағдайын көрсетпейді. Бетін тану қиын болды. Басына дейін ауыр жарақат салған”, – деді ол.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 31 Шілде, 2026 15:12