Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағымсыз иістен балалардың мазасы кетеді": Алматы тұрғыны зауыттың тұрғын үй жанында орналасуына қатысты шағым білдірді (видео)

Әлеуметтік желіде Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендердің бірінің тұрғыны жақын маңдағы қағаз-картон зауытының орналасуына қарсы наразылығын білдірді. Ол кешкі уақытта зауыттан жағымсыз иіс шығып, тіпті балалардың мазасы кететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Тұрғын Әсел Әбубәкірқызы желіде зауыттан түтін шығып жатқаны түсірілген видео жариялады. 

"Кешке зауыттан резеңкенің иісі шығады. Тіпті балалардың өзі үйде отырғанда иістен мазасызданады", – деп жазды тұрғын.

Оның бұл жазбасын желі қолданушылары да қолдай кетті. Олардың айтуынша, зауыт ғимараты тұрғын үй кешенінен бұрын салынған. 

"Зауыт ол жерде тұрғын үй кешені салынбай тұрып болған. Осы түтін иісіне байланысты тұрғын үй бағасы да төмендеді", "Картон зауыты бұл үйлерден бұрын салынған. Ал тұрғын үй кешенінің орнында құс фабрикасы болған", "Заң бойынша зауыттардың жанында тұрғын үй құрылысын жүргізуге тыйым салынады", "Жабылсын немесе сүзгі қойылсын. Ауаны ластауды қойсын", "Тазалау жүйесі қайда? ХХІ ғасыр. Экология министрлігі қайда қарап отыр? Олардың бұл жағдайдан хабардар екені анық", "Үкімет Қазақстанды баяғыда елемей кеткен. Оларды билік пен ақша ғана қызықтырады", – деп жазды олар. 

@assel.abubakirqyz

Көбірек репост жасауды сұраймын халқым🙏🏻

♬ Very Sad - Enchan

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысының экология басқармасынан мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, TikTok-та жарияланған видеоға қатысты басқармаға ешқандай ақпарат түспеген. 

Ал "KZ Recycling" ЖШС өкілінің мәліметінше, 2024 жылы 18 желтоқсанда зауыт аумағында газ беру төтенше жағдайда ажыратылған.

“Осыған байланысты дизель генераторлары автоматты түрде қосылды”, – делінген хабарламада. 



Айта кетейік, "KZ Recycling" ЖШС қағаз-картон шығаратын зауыт Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылының шығысындағы алаңда орналасқан. 

Алматы облысы экология департаменті тұрғындардың өтініші негізінде компанияда былтыр жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Тексеру барысында компанияның II санатты объектілерге экологиялық әсер етуге арналған рұқсаты бар екені анықталды. Бұл рұқсатты Алматы облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы берген.

“Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасына сәйкес, өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде ағынды сулардың сынамалары сүзгілеу алаңдарында арнайы құбырлар арқылы алынады. Алайда іс жүзінде компания сынамаларды тікелей зауыттан шығатын құбырдан алған. Осы бұзушылықтар бойынша басқарма компанияға Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 325-бабы (Өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу талаптарын бұзу), 326-бабы 1-бөлімі (Экологиялық рұқсаттың шарттарын орындамау) және 328-бабы 1-бөлімі (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша хаттама жасап, жалпы сомасы 50 миллион 749 мың 657 теңге мөлшерінде айыппұл салды”, – делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында ақ ұлпа қар қара түске боялған еді. Тұрғындар мұндай жағдай жергілікті қазандықтың мұржасынан шыққан күйенің кесірінен болғанын айтқан. 

Талқылау