Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аузына ие болғанда ондай жағдай болмайтын еді": Алматыда автобус апатынан қаза болғандардың туыстары оқиғаға жүргізуші әйелді кінәлады

Алматыда аялдамадағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың жақындары кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Айтуларынша қайғылы жағдайдан екі бірдей отбасының кәмелетке толмаған балалары жетім қалған. Ал жауапты тарап оларға материалдық көмек те көрсетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

22 қараша Алматыдағы Қалқаман ықшам ауданында №47 автобус көлігі бақылаудан шығып, жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерді қаққан еді. Салдарынан үш адам қаза тауып, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиғадан сол күні микроавтобуспен аялдамада тұрған Айдос есімді 39 жастағы азамат қаза тапты. Оның артында үш қызы қалған. Үлкені 19 жаста, кенжесі төртте. 

Деректерге сай оның микроавтобусы сол күні аялдамада тұрмаса, басқарусыз қалған автобус одан да көп мөлшерде адамдарды басып кетер еді.

Айдостың ағасы Сүйінбай жақынынан айырылғанын тек жаңалықтардан бір-ақ естігенін айтты. 

“Жүргізушіні ұрыпты, ол есінен танып қалыпты дейді. Бір адам екінші адамға бостан босқа қол көтермейді ғой. Олар сонда адамдарды қағып кетіп, кейін ештеңе айтпай отыра бере ме?  Бұған кім жауап береді? Жүргізуші де, автопарк те жауап беруі керек. Бұл тіпті –автопарктің міндеті. Ол мал тасып жатқан жоқ қой, халықты тасып жатыр”, – деді Сүйінбай.

Ал Айдостың жары Айнұр Құсайынованың сөзінше, ол 20 жылдан бері микроавтобус айдаған. Жұбайы Алматы қаласы, Қаскелең бойынша осындай жұмысты кәсіп етіп отбасын жалғыз асырап келген. 

“Сағат 5:45-те қызына хабарласып, үйге келе жатырмын деген. Келе жатқанда қыздарына бірдеңе ала келетін. Кішкентай қызы есік алдынан күтіп алатын. Одан кейін 10 минуттан кейін қызым қайта хабарласса, телефоны өшіп тұр. Бұл хабарды достарымыздан естідік. Олар хабарласып, “Айдос қайда?” деді. Жұмыста екенін, түскі ас уақытында сөйлескенімді айттым. Кейін олар “жарайды” деп тұтқаны қоя салды. Жүрегім бірдеңені сезгендей болып, телефонына қоңырау шала бастадым. Телефоны өшіп тұрды. Одан кейін тағы бір досы хабарласып, Қалқаманда жол апаты болғанын жеткізді. “Айдостың көлігі адам қағыпты” деді. Жүгіріп шықтым, сол жаққа 15 минутта жеттім. Барсам, қоршап тастапты, көлігі тұр екен. Көлігінің арты соғылған, алдына ештеңе болмағанын көріп ең кемі бір жеріне соққы алған шығар деп ойладым. Тіпті  осы бір жерде жүрген шығар деп ары-бері жүгіріп іздей бердім. Автобус соқтығысар кезде ол көлігінен шығайн деп жатқан екен. Егер отырған болса, тірі қалар ма еді. 20 секундтың ішінде...”, – деді марқұмның жары.

Айнұрдың айтуынша Айдос қарызын жауып, арманындағы үйді салып, қыздарын жетілдіруді армандаған. Сол үшін тынбай еңбек те етіпті. 

Марқұмның жары қазір тіпті тергеуге араластырмай жатқанын алға тартты.

“Енді қараңыз, бұл жерде кім кінәлі десек, біріншіден адам сонша халықпен жұмыс істейтін болса, сөйлесуді де білуі керек. Автобусқа қанша мың адам кіріп шығады. Ол адамның кім екенін, қандай адам екенін, қандай оймен жүргенін, қандай қайғысы бар екенін ешкім білмейді. Анау кінәлі, мынау кінәлі деп айта алмаймын. Бірақ аузына ие болса, ондай жағдай болмайтын еді. Болмаса бір ауыз алдап “1 минут тұра тұрыңыз, мен көпірмен төмен түсейін, содан кейін сізді түсіремін” десе. Сондағысы 100-200 теңге ғой”, – деді Айнұр Құсайынова. 



Қаза тапқан ерлі-зайыпты мен жетім қалған төрт бала

Жан түршігерлік апаттан қаза тапқан үш кісінің екеуі – ерлі-зайыпты Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжаһан Қасымбаева. Олар Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылының орта мектебінде жұмыс істеген. 22 қараша күні екеуі жұмыстан бірге шығып қоғамдық көлікпен үйге қайтпақ болған. Ерлі-зайыптының артында төрт баласы қалды. Оның екеуі – кәмелет жасына толмаған бүлдіршіндер. Туған туыстары тұл жетімге айналған балаларды ойлап, алаңдайтынын айтты. 

“Мен отбасымда ағамнан кейін үлкенімін. Мені қинап тұрғаны – ағамның үйінің несиесі және тағы кішігірім қарыздары. Мына төрт баланың болашағы не болады? Олар тамақ тауып жей ме әлде несие төлей ме? Қаржылай мәселесі қинап тұр”, – деді марқұмның інісі Марат Қасымов.

Ал ерлі-зайыптының тағы бір туысы Сүйінбай Оңалбектің айтуынша марқұмдардың екі ұл, екі қызы бар. Үлкені 22, кішісі алты жаста.

“Қазір үлкенінде үн жоқ. Іштей тынып отырған шығар. Қанша жыл пәтер жалдап жүріп жеткен үйлері ғой, балалар қазір сонда. Қайғылы хабарды мен ауылдан үлкен әпкесінен естідім. Үлкен қызы ата-анасын мектептегі жаңа жылдық корпоративте шығар деп өзін-өзі жұбатып отырған. Ал таң атқанда ешқандай хабар болмағасын полицияға хабарлап, іздей бастаған. Олар бірден “әке-шешең өліп қалған” депті. Осылайша хабарды олар тек ертеңіне 11-лерде естіген”, – деді Сүйінбай Оңалбек.

Марқұмның туысы бір апта өтсе де, еш жерден тергеу амалы туралы шақырту келмегенін айтты. 

“Біз қайда баратынымызды білмейміз. Құзырлы органдар бәрін біліп отыр. Кеше автопарктен көңіл айтып үш адам келді. “Көмек дей бермеңдер” деді. Демек олардан бізге көмек болмайды”, – деп қосты Сүйінбай.

Сол күні автобустың тежегішін басып тоқтатқан куәгер 17 жастағы Жеңіс Тайбек жүргізушіні ұрған ер адам өзімен бірге апорт аялдамасынан мінгенін айтады.

“Досым екеуміз “Апорт” аялдамасынан мінгенбіз. Бізбен бірге жаңағы ер адам кірді. Ішпегені шекпені көрініп тұрды. Кейін жүргізуші одан жол ақысын төлеуін сұрады. Ал ол телефон арқылы төлегенін айтты. Жүргізуші жолаушының төлемегінін біліп тұрды. Сосын келесі аялдамадан түсіріп кететінін айтты. Ал ер адам басында көпірден түсіріңіз деп сыпайы сөйлесіп тұрды. Кейін тоқтамағасын әйел адамды боқтап, балағаттай бастады. Біз де оған қарсы шықтық. Ол бізді көзіне де ілмеді. Басуға тырыстық, әйел кісіге тиіспейтін шығар деп ойладық, жарайды деп отыра бердік. Жүргізуші оған еш қарсылық көрсетпей, үндемей отырды. Ал ол керісінше, тағы да боқтай бастады. Кейін ана адам боқтап әбден жүйкесіне тиген соң әйел “не істейсің ал, істе” деді. Ер адамға қой деп айтып жатқанымыз сол еді, бізге қарап тұрып, әйелді екі рет ұрып жіберді. Біз үлгермей қалдық. Досым барып ажыратып, ұстап тұрды. Ал мен тежегішті бастым. Автобус соғылғанынан шок алдық. Жүргізушіге қарасам, талып қалған екен”, – деді Жеңіс Тайбек.

Жүргізуші Ермек Шүкібаева – жалғызбасты ана. Екі жеткіншегі бар. Көлік жүргізушісі болғанына он жылдан асқан. Осы уақытта ол ешқандай жол апатына түспеген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан үш адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

Талқылау