Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі әйел алған шымкенттік, төрт баласымен шетелдікке тұрмысқа шыққан танымал блогер: 2023 жылы сіз оқып үлгермеген ең әсерлі оқиғалар тізбегі

2023 жыл қызықты жайттармен көптің есінде қалды. Өтіп бара жатқан жылды қорытындылай келе, сайтымызда шыққан ең үздік материалдар мен оқырманға қызықты болған сұхбаттарымызды назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. Бәлкім, әсерлі кейіпкерлердің оқиғасын жіберіп алған шығарсыз. 

14 құрсақ көтерген ана 

Жетісу облысы Кербұлақ ауданында алтын құрсақты "Батыр ана" тұрады. Гүлназ Жеңісбайқызының күйеуімен шаңырақ көтергеніне 29 жыл болған. Бүгінде олар 10 қыз 4 ұл тәрбиелеп отыр. Алты немересі бар. “Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын” деген көп балалы ана Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, бала тәрбиелеудегі қиындықтарымен бөліскен еді. 

“Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде тұрамыз. Өзімнің жасым 44-те. Күйеуім биыл 53 жасқа толады. 28 жыл бойы үйде отырғанмын. Осы уақытта күйеуім әртүрлі жұмыстармен айналысып, бізді бақты. Өзі құрылыста да жұмыс істейді, түрлі техникаларды жөндеумен айналысады. Сонымен қатар аз-кем малымыз бар. Соған қарайды”, – дейді ол. 

Батыр ана көпбалалы болуды ешқашан армандағанын айтады. Дегенмен, балаларының барлығын “құдайдың сыйы” деп қабылдаған.

Афроамерикалық жігітке 5 бала туып берген қазақ қызы

Жансая Диксон есімді қазақ қызы Қарағанды облысының тумасы, руы — арғын. Кезінде америкалық қара нәсілді жігітпен көңіл қосқан ол 5 баланың анасы екенін айтып, Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берген еді.

2012 жылы шет елдік ер-азаматтың етегінен ұстаған отандасымыз бүгінде үш қыз бен екі ұлды өмірге әкелген. Қазір отбасымен Нью-Йорк шаһарында тұрады әрі АҚШ-тың азаматтығын алған. Осыдан 10 жыл бұрын афроамерикалық жігітке тұрмысқа шыққан қаракөзіміз жеке өміріне қатысты жұртты қызықтырған сауалдарға жауап берген болатын. 

"Менің дініме, туған жеріме, туған жылыма, қайда оқығаным туралы және күйеуіммен қалай танысқаным жайлы көп сұрақ келеді. Мен Қарағанды облысындағы Саршыған ауылында өстім. Сол жерде менің туыстарым тұрады", – дейді АҚШ-та тұратын қазақ қызы.

Төреғалиға қатысты шу

Төреғали Төреәліге қатысты түрлі даулы видеолар әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Полицейлер Төреғали Төреәліні 14 маусым күні жол ережесін бұзғаны үшін ұстаған еді. Әнші өзін агрессивті ұстап, полицияға бағынбай, әдепсіз сөздер айтып, қамауға алынған жерінен қашып кетпек болған. Сараптамаға сәйкес, ол есірткілік масаң күйде болған.

Атышулы әншінің адвокаты — Тілеужан Кішкенебаев өзінің қорғауындағы өнер иесінің әрекетіне қатысты Stan.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірген болатын. 

Адвокаттың айтуынша, Төреғали іс-сапармен Қызылорда қаласына кетіп бара жатқан. Әншінің ата-анасы да, дертке шалдыққан үлкен қызы да сол жақтағы ауруханада жатқан. Ұшаққа асыққан "Ұлы дала баласы" кептеліске тап болып, жол ережесін бұзған. Сол сәтте полиция қызметкерлері Төреғалиды тоқтатып, кейін олардың әңгімесі жанжалға ұласқан.  

Сондай-ақ аталған шулы оқиға кезінде көлікте Төреғалимен бірге аяғы ауыр әйелі де болған. Қорғаушының сөзіне сенсек, аталған шулы оқиға кезіндегі айхай-шу жүкті келіншектің денсаулығына зиян келтіргенін айтқан еді. 

Бұған қарамастан әнші 20 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Кейін полицияға бағынбағаны үшін қамауға алу мерзімі ұзартылды. Қыркүйек айының соңында әнші тағы да сотқа келді. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды (Төреәлінің асырауында бес кішкентай баласы бар) ескеріп, оны 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды.


Келер жылы кімдерге үйленуге болмайды: 2024 жылға арналған жұлдыз жорамал


Ақын Шөмішбай Сариевтің жұбайы: Қайрат Нұртас пен Ерке Есмаханның авторлық құқықты бұзды. 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі аудармашы Шөмішбай Сариевтің жұбайы Stan.kz арнасына берген сұхбатында қазақ эстрадасының өкілдеріне қатты ренжулі екенін айтқан еді. Жұмагүл Сариеваның айтуынша, бүгінде атақты әншілердің көбісі ақынның сөзіне жазылған әндерді рұқсатсыз орындап жүр. 


Авторлық құқықты бұзған өнер жұлдыздарының көшін Қайрат Нұртас бастады. Танымал хитмен осыдан бірнеше жыл бұрын мәтінін Шөмішбай ақын жазған "Мазала" әнін еш ескертусіз өз репертуарына қосып алған көрінеді.

"Қайрат Нұртас "Мазала" деген әнге клип түсірген екен. Сол клиптің тұсаукесері болған. Бірақ біз білмейміз, біреу арқылы естідік. Қайраттың өзімен сөйлеспейсің ғой, анасына хабарласып: "Ей, сендер неге Шөмішбай ағаңды ұмытасыңдар? Әнді шығарасыңдар, клип түсіресіңдер, бізге ештеңе айтпайсыңдар" дедім. "Ой, апай, біз көп қарызданып жатыр едік" деді де Гүлзира, ақшасын бірден берді. Рұқсатсыз орындаған. Мен заңды білемін ғой", – дейді Шөмішбай Сариевтің жұбайы.

Танымал ақынның сөзіне жазылған әндерді рұқсатсыз орындағандардың тізімінде Ерке Есмахан да бар екен. 

Туған қайын ағасына тұрмысқа шыққан келіншек 

Әлеуметтік желіде марқұм күйеуінің туған ағасымен тұрмыс құрған түркістандық келіннің тағдыры қызу талқыға түскен еді. Бір қарағанда естір құлаққа түрпідей тиіп, көзге жат көрінуі мүмкін. Анығында олар қазақтың көне дәстүрлерінің бірі "әмеңгерлік" жолмен бас қосқан. 

Түркістандық ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде кеңінен тараған ән арқылы махаббат хикаясын баяндаған. Жеңіс Сейдеханов пен Сандуғаш Садықтың видеосы бірнеше миллион қаралым жинаған. 

"Інім Астана қаласында жұмыс істейтін. Бір күні маған хабарласып, "Аға, ауылға келе жатырмын. Көлік алдым, сүйіншіңізді дайындаңыз" деді. Содан інім Астанадан ауылға келді. Сол көлікті алты күн ғана айдады. Алты күннен кейін жол-көлік апатынан қаза тапты", — дейді Жеңіс. 

Осылайша жап-жас келін Сандуғаш екі баласымен жесір қалады. Бұл 2016 жылдың тамыз айы еді. Марқұм інісінің 100 күндік асынан соң, яғни үш айдан кейін қайын ағасы Жеңіс қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен келіні Сандуғашқа көңілін білдіріп, сол әулетте неке жаңғырту туралы ұсыныс тастайды. Бұл жайында жігіт әуелі анасына айтады. Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыз. 

Екі қызға қатар үйленген шымкенттік жігіт 

Бір күнде екі келінді қатар түсірген шымкенттік жігіттің әрекеті қазнетте қызу талқыға түскен еді. Ер адамның қазақтың қос қызын қатар жар еткені жайлы беташар ғаламторға тарады. 

Алғашқыда жұрт ағалы-інілі бауырлар бір күнде үйленді деп топшылаған еді. Яғни, біреуі – келіншегі, екіншісі – жеңгесі. Ғаламторды шулатқан әлгі жігіт бұл қауесетке "жеңгемді сүймейтін шығармын" деп, арнайы видео арқылы жауап берді. 

Жігіттің инстаграм мен тиктоктағы аккаунты "Ержан Мырза" деп аталады. Ол Түркістан өңірінің тумасы. Мамандығы – цирк әртісі екен. Біз телефон арқылы отағасына хабарласып, мән-жайды білдік. Ол жеке өміріндегі жаңалықтың, яғни екі қызға қатар үйленгенін растаған болатын. 

Төрт баласымен америкалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ келіншек шетелдегі өмірі 

Соңғы кездері шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қыздары әрдайым қоғамның қызу талқысына түседі. Түркістандық Айдын Тоқсанбаева есімді келіншек осыдан бір жыл бұрын филиппин ұлтының өкілімен көңіл жарастырып, дәл қазір АҚШ-тың Чикаго қаласында сүйгенімен бір шаңырақ астында тұрып жатыр. 

Айдын Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі жұртқа Janym_Baklajanym лақап атымен танылған блогер. Ол бала-шағасын асырау мақсатында Америкада даяшы болып жұмыс істеп жүргенде қазіргі жолдасы Майкпен танысқан. Ол жігіт дәл сол дәмханадан тамақ ішкен екен. Ең бірінші келген кезі Айдынның есінде жоқ, әлгі ер адам екінші рет сол кафеге тағы да ас ішуге келеді. Сол сәтте америкалық азамат қарапайым даяшы қазақ қызының назарын өзіне аударған. 

"Сол күні тамағын ішеді де маған шайпұл ретінде қомақты сома тастап кетеді. Шайпұл деп отырғаным – дәмханаға келген қонақ өзі ішкен тамаққа төлеуі тиіс шоттан бөлек даяшыға берілетін қосымша ақша. Шамамен 300-500 доллар тастап кетеді. Сене алмаймын, қайта-қайта қараймын, санаймын. Мен таңғалдым. Әрине, сол кезде есімде қалды. Ол кезде бар ойым ақша. Балаларымды Қазақстанға қалдырып, Америкада жұмыс істеп жүргендіктен, "тек қана ақша, ақша" деп қалғанмын ғой. Сол кісі екінші жолы келген кезде туысқанымды көргендей күтіп алдым. Сол кезде маған деген сезімі барын айтады, кездесуге шақырады. Сол сәтте жүрегім тынышталып, ерекше сезім пайда болды. Мен де ұната бастадым. Сосын ол мені дүкендерге апарып, iPhone телефонын сыйға тартты, Dior-дан рюкзак, Louis Vuitton-нан сөмке сыйлады. Сол кезде өзінің сезімі шынайы екенін жеткізіп, гауһартасты сырғаны құлағыма тақты", – дейді Айдын Тоқсанбаева. Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыз.

Талқылау