Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туған қайын ағасына тұрмысқа шыққан келіншек ауыр тағдыры туралы айтты

Әлеуметтік желіде марқұм күйеуінің туған ағасымен тұрмыс құрған түркістандық келіннің тағдыры қызу талқыға түсіп жатыр. Бір қарағанда естір құлаққа түрпідей тиіп, көзге жат көрінуі мүмкін. Анығында олар қазақтың көне дәстүрлерінің бірі "әмеңгерлік" жолмен бас қосқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

Түркістандық ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде кеңінен тараған ән арқылы махаббат хикаясын баяндаған. Жеңіс Сейдеханов пен Сандуғаш Садықтың видеосы бірнеше миллион қаралым жинаған. Тиктоктағы бұл трендтің мақсаты – ерлі-зайыптылар ең алғаш танысқан немесе бас қосқан кездегі фото естелік пен қазіргі таңдағы бақытты сәтін көрсетеді.

"Сол тиктоктағы трендті менің де қайталағым келді. Шындықты жазғым келді. Өйткені 2016 жылы әмеңгерлікпен үйленген едім. Сол тренд арқылы "Мен 2016 жылы әмеңгерлікпен үйлендім, 2023 жылы осыншама бала-шағам бар" деп салдым. Бірақ мен миллион қаралымға жетеді деп мүлдем ойламаппын", — дейді туған інісінің әйеліне үйленген жігіт.

Әмеңгерлік — дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Қазнетте хитке айналған бұл жұп дәл осындай жолмен шаңырақ көтерген. Негізі алғашқыда бұл әулетте бәрі жақсы, бақытты еді... Жеңіс туған інісі Олжастан үйленетіні туралы қуанышты хабарды естиді.

"Інім 2012 жылы үйленді. Үйленбей тұрып менен рұқсат сұрады. "Аға, мен үйленейін деп жатырмын. Рұқсатыңды бересің бе?" деді. Ол уақытта мен бойдақ болатынмын. Мен рұқсатымды бердім, шаңыраққа келін түсті, беташарын жасадық. Інім мен келінім тату-тәтті өмір сүріп, бақытты отбасы болды", — дейді Жеңіс Сейдеханов.
"Марқұм күйеуіммен ең бірінші әлеуметтік желіде таныстық. Одан кейін отбасын құрдық, төрт жыл бірге тұрдық, тату-тәтті өмір сүрдік. Бір ұл, бір қызымыз болды. Солай біз бақытты ғұмыр кешіп жаттық", — дейді Сандуғаш Садық. 

Бірақ бұл шаңырақтағы бақытты сәттің ойда-жоқта күл-талқаны шығып, қайғылы хабар жетеді.

"Інім Астана қаласында жұмыс істейтін. Бір күні маған хабарласып, "Аға, ауылға келе жатырмын. Көлік алдым, сүйіншіңізді дайындаңыз" деді. Содан інім Астанадан ауылға келді. Сол көлікті алты күн ғана айдады. Алты күннен кейін жол-көлік апатынан қаза тапты", — дейді Жеңіс. 

Осылайша жап-жас келін Сандуғаш екі баласымен жесір қалады. Бұл 2016 жылдың тамыз айы еді. Марқұм інісінің 100 күндік асынан соң, яғни үш айдан кейін қайын ағасы Жеңіс қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен келіні Сандуғашқа көңілін білдіріп, сол әулетте неке жаңғырту туралы ұсыныс тастайды. Бұл жайында жігіт әуелі анасына айтады.

"Бұл ұсынысты негізінде анама өзім айттым. Өйткені анамнан: "Ана екі баланы не істейміз, ол екі балаға барып қайтамыз ба? Сол екі баланы алып келесің бе..." деген әңгімені көп естідім. Содан кейін мен бір шешімге келіп, "Ана, бізде қазақта "әмеңгерлік" деген салт-дәстүр бар емес пе, мен сол әмеңгерлікпен келінге қосылсам, екі бала көз алдыңызда жүреді. Шаңырағымызда болады" деп анама ұсыныс тастадым. Анам дұрыстап ойлануымды өтініп, соңында қарсы еместігін айтты. Содан кейін бұрынғы келінім, яғни қазіргі жұбайымның әкесіне айтып көрдім. Әкесі қарсы болды. Екі тарап осы бір мәселені жүйеге түсіре алмадық. Кейіннен естідім, анасы мені қолдаған екен", — дейді әмеңгерлік жолмен үйленген жігіт. 
"Жолдасым қайтыс болғаннан кейін оның ағасына тұрмысқа шықтым. Ең бірінші оны маған өз анам айта бастады. Мен келісім бермей жүрдім, өзімнің әкем де келіспей жүрді. "Тұрмысқа шыққым келмейді" деп айтып жүрдім. Қазіргі жолдасымның кішкене өлең шығаратын өнері бар. Сол әлеуметтік желі арқылы өлеңмен жеткізіп, маған ұсынысын білдіре бастады", — дейді келіншек. 

Сандуғаштың қайын ағасы Жеңіс – жастайынан поэзияға жаны жақын, өмірін өлеңмен өрнектеген өнерлі жігіт. Ол "әмеңгерлік" жайлы ұсынысын мынадай шумақтармен жеткізіпті:
"Бауырларым бақытым – жаным менің,

Солар менің өмірім, түсін келін.

Неке қиып, қане енді жұп болайық,

Әр кез ашық сендерге үйім менің.

Оралсаңдар, өсірем алақанда,

Шүкір, тәубе деп жүрмін жаратқанға.

Шын ниетім қабыл ал ұсынысты,

Орамалмен оралшы Ақ отауға", – депті.

Осыдан кейін Сандуғаш келін қайын ағасының некелесу жайлы ұсынысын қабылдаған.

"Иә, ұсыныс айтылды. Мен 2016 жылдың қыс айында қайын ағамның үйлену жайлы ұсынысын қабылдадым. Содан кейін қайтадан неке жаңғыртып сол үйге келін боп келдім", — дейді Сандуғаш. 

Сол сәтте туған қайын ағасына тұрмысқа шыққан келінге о баста оңай болмаған. Мұны Сандуғаш та, Жеңіс те жақсы біледі. 

"Келін қайын ағасының бетіне тіке қарамайды" дейді ғой қазақ. Бір отбасындағы жалғыз қайын ағамын. Бұрын өзі иіліп сәлемін беріп, шай құйып, дастарханды дайындап, келіндігін білдіріп, ибалы боп отыратын қыз еді. Ол кісіге қиын болды деп ойлаймын", — дейді қайын ағасы.  
"Мен қайын ағамның көзіне тіке қарап көрген адам емеспін. Сәлемім түзу, сөзім түзу. Басқа артық ешқандай ойым да болмаған. Үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Алғашқыда барлығымызға қиын болды, әсіресе маған қиын болды. Бұған бойымды үйретіп, солай қабылдадым. Әрине, өткен шақты еске түсіру қиын. Ең бірінші марқұм күйеуімнің жатқан жері жайлы болсын деп тілеймін. Қазір бізге разы деп ойлаймын", — дейді әмеңгерлік жолмен тұрмыс құрған келін. 


Бүгінде бұл жұп – көпбалалы отбасы. Яғни, 5 баланы бағып-қағып отыр. Жеңіс марқұм інісінің кіндігінен қалған ұл мен қызды және өзінен туған 3 балаға қамқор әке! 

"Жеңіс – жақсы әке. Балаларды бір-бірінен бөліп жармайды, барлығын бірдей көреді. Қазіргі таңда мен басқа біреуге тұрмысқа шыққанымда, ол жақ менің балаларымды өз балаларындай қабылдамайтын еді деп ойлаймын. Мен қазір дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын", — дейді Сандуғаш.  
"Сырт көз сыншы" демекші, мен "жақсы әкемін" деп ойлаймын. Өйткені мен жұмыстан келсем, барлығы алдымнан шығып, мойныма асылып, бетімнен сүйіп қарсы алады. Барлығы да маған "әке" деп сөйлейді. Өйткені ешқайсысын бөліп-жармаймын. Інім марқұм дүниеден өткен кезде үлкен үш жасар, кішісі бірде болатын. Ол балалар қазір мектепте алғыс хат алып жатыр. Сол жерде аты-жөні жазылады. "Неге біздің әкеміздің аты бөлек?" деген сұрақтар пайда болып жатыр. Біз оған да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", — дейді Жеңіс.

 Жеңіс пен Сандуғаш қозғаған әмеңгерлік тақырыбына желідегі жұрт жатырқай қараған көрінеді. Тиктокта халықтың талқысына түскен бұл ерлі-зайыпты көнеден қалған бұл дәстүрді дәріптеп, насихаттау керектігін айтады. 

"Әмеңгерлік жолмен үйлену" деген нәрсе насихат жетіспейді. Әлеуметтік желіге салған кезде түрлі пікірлер айтылды. Бір біліп, бірі білмей сөйлейді. Бірі айтады: "Қайын ағасына қосылды дегенді естімеппін, қайын інісіне үйлену керек еді" дейді. Бірақ біздің қанымызда, салт-дәстүрімізде "Ері кетсе де, елден кетпесін" дейді. Яғни "іні өлсе, келін – мұра, аға өлсе, жеңге – мұра" дейді. Бұл жерде бөліп-жарудың қажеті жоқ. Бұл біздің бойымызда, қанымызда, салт-дәстүрде бар дүние. Әмеңгерлік бұған дейін болған, бұдан кейін де болғанын мен құптайтын едім. Өйткені қазіргі заманда күйеуімен ажырасып, басқа кісіге қосылып, мына өгей әкелердің не көрсетіп, не істеп жатқанын біз телеарналардан да, әлеуметтік желіден де оқып, біліп отырмыз. Сол үшін әмеңгерлікті насихаттау керек, қолдау керек. Мейлінше жастар дұрыс пиғылда болып, дұрыс қарау керек", — дейді әмеңгерлік дәстүрмен үйленген жігіт.  
"Иә, мен де солай ойлаймын. Мүмкін насихат жетіспейтін шығар. Бұрынғы заманда мұндай жағдайлар көп болған екен. Қазіргі таңда жоқтың қасы. Бірінші рет естіп, таңғалып жатқандары қаншама. "Әмеңгерлік" деген кең ауқымды тақырып қой. Көбінесе қыз-келіншектердің қолдамайтынын байқадым, ер адамдардың көбісі қолдайды екен. Салт-дәстүрді ұмытпаған халыққа мен разы болдым. Өзім де басыма түспей әмеңгерлік жайлы білген жоқпын. Жалпы, қазіргі таңда әмеңгерлік жайлы менің көзқарасым оң", — дейді әмеңгерлік дәстүрмен тұрмысқа шыққан келіншек.  

Десек те, туған қайын ағасына тұрмысқа шыққан келінді де, өзінің туған інісінің әйеліне үйленген қайын ағаны да тиктоктағы ел сынап, түрлі жағымсыз пікір жазып жатыр екен. 

"Иә, мені сынап жатқандар бар, жағымсыз пікір жазып жатқандар да бар. Бірақ мен жұрттың пікірімен жүретін адам емеспін. Өзімнің пікірім бар, өзімнің санам бар. Өзімнің бағытым, арманым мен мақсатым бар. Мен жағымсыз пікір жазғандарға бір көзімді жұмып қоя саламын. Өздерінің түсініктеріне берсін", — дейді Жеңіс.

 Қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен бас қосып, тиктокта трендтен түспей тұрған түркістандық Жеңіс пен Сандуғаштың тағдыр жолы мен махаббат хикаясы осы. Ел назарына іліккен жұп бұл сұхбатында алдағы отбасылық жоспарымен де бөлісті.  

"Біздің отбасылық жоспарымыз, яғни менің және қазіргі жан-жарымның отбасылық жоспары – осы өсіріп жатқан ұл-қыздарымызды аяқтандыру. Осыларды бағып-қағу, әлпештеу. Осыларды арман-мақсаттарына жетелеу. Оқуы бар, ертеңгі отбасылық өмірлері бар. Барлығына екеуміз күшпен жетіп, осылардың қызығын көру. Осылармен бақытты, тату-тәтті өмір сүру", — дейді түркістандық ерлі-зайыпты.

 Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

 

Талқылау