Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыртқа мен құс етінің бағасы тағы 20 пайызға қымбаттайды

Елімізде жұмыртқа мен құс етінің бағасы тағы жиырма пайызға өспек. Бұған себеп құс фабрикалары мемлекеттен берілетін субсидияны екі жылға жуық ала алмай жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Петропавлда тұрғындар жаз мезгілінде 300 теңгеден аспайтын он дана жұмыртқаны қазір алты жүз теңгеден сатылып жатқанына шағымдануда. 

“Бәрі қымбат. Бүгін келесің басқа баға, ертеңіне келсең тағы өскен. Саудагерлер де жұмыртқа мен құс етінің бағасы өскенін мойындайды. Мәселен бұрын құс етінің бір келісі 1000 теңгеден аспаса, қазір 1300-1500 теңгеден сатылып жатыр. Айтуларынша, құс фабрикалары бағаны өсіріп жіберген”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Александр Иванов.

Сатушылар да құс етін қымбатқа алып үстіне аз ғана ақша қосатынын айтады. 

“Бізге құс етінің бағасы 1300 теңгеден келеді. Үстіне 100 теңге ғана қосып, сатамыз. Одан өсірсек халықтың қалтасы көтермейді. Онсыз да саудамыз қайнап, шекеміз шылқып тұрғаны шамалы”, – деді сатушы Алла Вишнева.

Ал құс фабрикасының директоры Александр Прядко мемлекеттен берілетін субсидия бір жылдан бері төленбей жатқанын алға тартты. Соның кесірінен көп құс фабрикалары жабылудың алдында тұр екен. 

“Табысымыздың 70 пайызын жем-азық алуға жұмсаймыз. Субсидия алмағандықтан шығындарымызды қысқартуымыз керек. Ол үшін құстарды сойып сатып, өндіріс көлемін азайтамыз. Сосын жұмыс орындарын азайтамыз. Бағаны да өсіреміз”, – деді ол.

Елімізде 58 құс фабрикасы бар. Олар елімізді жұмыртқамен жүз пайыз, құс етімен жетпіс пайызға қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі де құс фабрикаларын субсидиялау тәртібі өзгергенін жеткізді. Енді өндіріс көлемін ұлғайтатын кәсіпкерлер ғана мемлекеттен қаржылық қолдау ала алады дейді. 

“Биыл 9 айдың ішінде құс фабрикалары 3,7 миллиард дана жұмыртқа шығарды. Бұл ішкі нарыққа жетеді. Қазір инвестициялық шығындарды өтейтін инвест субсидия беріледі. Бұл өндірісті кеңейтуді көздейтіндерге төленеді”, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент сарапшысы Фариза Күнзақова.

Құс өсірушілер одағының өкілдері жұмыртқа өндірісі биыл 75 миллион данаға азайғанын айтады. Ал кәсіпкерлер жаңа жылға қарай құс еті 10-15 пайызға, жұмыртқаның бағасы тағы 20 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін екенін айтады. Егер бағаны өсірмесе құс фабрикалары өз шығындарын өтей алмайды деп отыр.  

Талқылау