Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Францияда бағаның өсуіне наразы халық қалада өрт қойып, жаппай тәртіпсіздік орнатты

Франция наразылық халық қымбат
Фото: AFP via Getty Images

Сенбі күні Францияда өмір сүру қымбаттап, жанармай бағасының өсуіне қарсы шыққан халықтың наразылығы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Наразылық акцияларына шамамен 550 мың адам қатысты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Париж, Марсель және бірқатар басқа қалаларда шеруге шыққандарды тарату үшін құқық қорғау органдары су атқыш машиналар мен көзден жасаурататын газ қолданды. Ал кейбір қалаларда тәртіпсіздіктер кезінде өрт қою және тонау оқиғалары тіркелді.

Францияның Ішкі істер министрлігі ел аумағында зорлық-зомбылықтың күшейгенін мәлімдеп, наразылық акциялары кезінде жүздеген адамның ұсталғанын хабарлады.

Сенбі күні кешке Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню ел бойынша 1 200 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 150 полиция қызметкері жарақат алған.

Сондай-ақ ол азаматтардың наразылық білдіру құқығын қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бүкіл халық атынан қолдау білдірді.

Франция наразылық халық қымбат
Фото: Getty Images

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Парижден бөлек, елдің бірқатар қаласында да жаппай тәртіпсіздіктер тіркелген:

  • Марсельде дүкендер тоналып, белгісіз адамдар қала әкімдігі ғимаратына басып кірген;
  • Лионда туристік агенттікке өрт қойылып, Hugo Boss дүкенін қоса алғанда, бірнеше сауда орны талқандалып, өртке оранған;
  • Гренобльде қала әкімдігінің ғимараты бүлінген;
  • По, Монпелье, Тулуза және Валанста дүкендер тоналған;
  • Авиньонда белгісіз адамдар Воклюз департаменті префектурасының ауласына кірген;
  • Лилльде наразылық білдірушілер қала әкімдігі ғимаратына басып кіруге әрекет жасаған;
  • Тулонда наразылыққа қатысушылар лақтырған заттардан екі полиция қызметкері жарақат алған;
  • Канда тонау мен бұзақылық әрекеттері тіркелген. Бұзақылар бу катогының көмегімен полиция бөлімшесінің қақпасын бұзып, полицияның екі көлігіне зақым келтірген;
  • Бордода Жаңа Аквитания өңірі мен Жиронда департаменті префектінің ресми резиденциясына шабуыл жасалған;
  • Лиможда тарихи ескерткіш, XIX ғасырда салынған қала әкімдігінің ғимараты өртенген. Префектура өкілдерінің айтуынша, ғимарат өртеніп, салдарынан тарихи қоңырау мұнарасы құлады,
  • Ал Парижде наразылық білдірушілер Lacoste, Yves Rocher және Louis Vuitton сияқты брендтердің дүкендерін қиратып, тонаған.

AFP агенттігі полициядағы дереккөзге сілтеме жасап, Сент-Этьен қаласында полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін қолданған гранатадан бір адамның қолы үзіліп кеткенін жазды. Лионда наразылық кезінде туристік агенттік ғимаратына өрт қойылған. Лилльде бір топ наразылық білдіруші қала әкімдігі ғимаратына кіруге әрекет жасаған. 
 

Билік өкілдерінің әрекеті қандай болды? 

Франция президенті Эмманюэль Макрон елде зорлық-зомбылыққа орын жоқ екенін мәлімдеп, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолдау білдірді.

"Біз барлық күшімізді біріктіріп, тек мемлекеттік институттарды қиратуды және азаматтардың өз талаптарын бейбіт түрде білдіруіне кедергі келтіруді көздейтін бүлік шығарушыларға қарсы тұрамыз. Қоғамдық тәртіпті бұзған, префектуралар мен кәсіпкерлік нысандарға шабуыл жасаған, тіпті қалалық кеңестерді тонаған адамдар жауапқа тартылып, жазаланады", – деді Макрон.

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню азаматтардың бейбіт шеруге шығуға құқығы бар екенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, өрт қоюға, тонауға және адамдарға шабуыл жасауға жол берілмеуі керек.

"Президенттік сайлау қарсаңында бұл зорлық-зомбылықты өз мүддесіне пайдаланғысы келетіндерге ашық айтамын: бізді қорқыта алмайды. Ешкім өз саяси бағдарламасын күш қолдану арқылы таңбайды", – деп жазды Лекорню әлеуметтік желілерде.

Франция үкіметі сенбі күні өткен наразылық акцияларын ұйымдастырды деп әсіре солшыл күштерді айыптады. Бұл оқиғалар сәуір айында өтетін президенттік сайлау қарсаңында болды.

Францияның Ішкі істер министрлігі кейбір наразылық білдірушілерді тонауға әрекеттенді, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады, өрт қойды және мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасады деп айыптады. Сондай-ақ Марсель қаласындағы полиция бөлімшелерінің бірі орналасқан ғимараттың бүлінгені хабарланды.

"Бұл қозғалысқа тәртіпсіздік туғызуды ғана мақсат ететін әсіре солшыл топтардың белсенділігі тән", – деп мәлімдеді Францияның Ішкі істер министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, "әдейі жасалған зорлық-зомбылық әрекеттеріне" беттерін бүркемелеген адамдардың қатысы бар.

Еске салайық, бұған дейін Францияда оқушылар наразылыққа шыққан еді. Митинг кезінде 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алды. Мәліметке сәйкес, ол жерден полиция қолданған жарық-дыбыс гранатасын көтеріп алған кезде қолынан айырылған.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 18 Қазан, 2026 10:40