Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда жүк көлігі наразылыққа шыққан жұмысшыларды қағып кетті: Бір адам қаза тапқан

Соғылған көліктерФото: Yonhap News

Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің наразылық акциясы кезінде жүк көлігі наразылық білдірушілер тобына соғылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, салмағы 2,5 тонна болатын көлік логистикалық орталықтың жанында митингке қатысушыларды қағып кеткен. Апат адамдар көліктің жолын бөгеп, оның оқиға орнынан кетуіне мүмкіндік бермеген сәтте болған. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алған.

Сонымен қатар аталмыш оқиғадан бірнеше сағат өткенде жұмысшылар кәсіподағына тиесілі қызметтік көлік митинг өткен жердің маңындағы полиция тосқауылына соғылған, нәтижесінде бір полиция қызметкері жеңіл жарақат алды.

Полиция қызметтік көліктің жүргізушісі мен жолаушысын қамауға алды. Оқиғадан кейін наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болған.

Оңтүстік Кореяда жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін қызметкерлер CU дүкендер желісінің иесі BGF Retail компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргізуді талап етуде. Ереуілдер 16 сәуірде басталып, 11 мамырға дейін жалғасады деп жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат беретін бағдарлама қосылуға жақын екені хабарланған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 22:58