Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сотқа арызданамын": Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш бергенін жоққа шығарды

Бекболат Тілеухан мәлімдеме жасап, өзінің Түркия азаматтығын алуға өтініш білдіргенін жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұдан бұрын экс-депутаттың Түркия азаматтығын алуға өтініш бергені туралы БАҚ-та айтылған болатын. Оның Ыстамбұлда 6 бөлмелі пәтер сатып алып, онда 39 жастағы әйелі және алты баласымен тұратыны хабарланған. Алайда Бекболат Тілеухан Instagram желісінде Түркия азаматтығын алуға өтініш бермегенін айтып, мәлімдеме жасады. 

“Қадірлі бауырларым! Бұл мәлімдемеге көптеген жанашыр бауырларымның хаттары, жазып жатқан постары себеп болып отыр. Мен ақылға сыймайтын сөзге ел нанбайтын шығар деп ойлағанмын. Бірақ “мен басқа елдің азаматтығын алуға өтініш бердім” дегенге ел иланып жатыр. Менің Данияр Олжас, Қуат сияқты бауырларым мен үшін аяулы болған аңғал, батыр, нанғыш жігіттер бар. Солардың шашып пост жазғанын көрген кезде бұлай мәлімдеме жасамасам болмайтынына көзім жетті. Айтайын дегенім, қадірлі бауырлар мен ешқандай да бөтен елдің азаматтығын алуға өтініш берген жоқпын. Алла куә! Қазақстанда екі азаматтыққа тыйым салынған. Көк паспорттан менің айырылатын ойым жоқ. Сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласына нанбаңыздар! Ulysmedia.kz порталын сотқа беремін. Олар сотқа арызданатынымды біліп, әртүрлі нәрсе жасауы мүмкін. Бірақ эксперттер бар. Сотта кездесеміз. Ешқашан ондай өтірікке нанушы болмаңыздар!”, – деп айтқан экс-депутат. 

Айта кетсек, Бекболат Тілеухан депутаттық өкілеттігін тоқтатқаннан кейін Қазақстаннан кеткен болатын. Ораза кезінде Ыстамбұлда жүрген экс-депутат сол жердегі қандастарды жинап, ауызашар берген. Сондай-ақ Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоғанмен кездескен. 

Талқылау