Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қылмыстың төрт түріне ғана қатысты сақталады: Елімізде өлім жазасы алынып тасталмақ

Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда Қылмыстық кодекстің 13 бабынан өлім жазасын алып тастауды қарастыратын "ҚР Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Гуманизм жасаудың бір қадамы – өлім жазасын жою. Екінші факултативтік хаттама өлім жазасын жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және құқықтарын дамытуға ықпал етеді деп есептейді. Гуманизм қағидасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан әрбір адам өмір сүру құқығынан ажырамас екенін бекітті. Сондай-ақ, өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. 2005 жылы “Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратифакация жасалды. Осы пактінің 6-бабына сәйкес өлім жазасы тек қана айрықша, ауыр қылмыс жасағаны үшін ғана заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. 2006 жылы Қазақстан Еуропа одағының өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ өлім жазасына мараторий енгізу туралы резолюциясын қолдады. Тәуелсіздік алған жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыстар үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық Кодекстің 18 бабында ғана қалды. 2014 жылы Қылмыстық Кодекстің 17 бабында сақталды. Қалған басқа қылмыстарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Соттар өлім жазасын немесе балама жазаны соттаушының жеке басын және оның қылмыс салдарына қарым-қатынасын ескеріп тағайындайды. 2003 жылы мерзімсіз мараторий енгізу туралы жарлыққа қол қойылды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған уақытқа дейін қолданылады”, – дейді Бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев. 

Екінші факультативтік хаттаманы Қазақстан осы жылдың қаңтарында ратифакациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттейді. 

“Алайда бұл жазаны хаттама ескертпесінің шеңберінде қалдыру мүмкіндігі бар, Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратификациялады. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды", - деді Ә. Шындалиев.

Ұсынылып отырған заң жобасы Қылмыстық кодексті хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтіруге бағытталған және Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізіледі.

"Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалуы қажет”, – дейді Шындалиев. 

Осылайша, өлім жазасы аса ауыр қылмыстардың төрт түрінде ғана қалады.

  • басқыншылық соғысты тұтандыру және жүргізу (160-бабы 2-бөлігі);
  • жаппай қырып-жою қаруын қолдану (163-бабы, 2-бөлігі);
  • әскери тұтқындар мен азаматтық тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу (164-бабы, 2-бөлімі.);
  • соғыс уақытында жасалған геноцид (168-бабы, 2-бөлігі).    

2003 жылы желтоқсанның 17-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Оған сәйкес, осы уақытқа дейін өлім жазасына кесілгендердің жазасы өмір бойына бас бостандығын айыру жазасымен ауыстырылды. 

Талқылау