"Некесіз төсек қатынасына түспеңіздер": Нұрболат Қанай танымал "Ол қыз" әнінің тарихы жайлы айтты
Нұрболат Қанай жастар арасында кеңінен тараған "Ол қыз" әнінің тарихы жайлы айтты. Әнші әрі композитор әннің сценарийін өмірден алғанын жеткізді. Ол бұл әні арқылы жастарды некесіз қосылмауға шақырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақстан" Ұлттық арнасының "1001 түн" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен әнді біреуге арнап жазбайды екенмін. Кинодан көріп қалған, өмірде кездесетін оқиғалар болады. Ол өмірде болған, бірақ менің жолымда кездеспеген", – деп ағынан жарылды Қанай.
"Кетті лақты, ол тыңдамайды" деп басталатын әнді бүгінде қазақ жастары түгел біледі десек, қателеспейміз. Хитке айналған әнді Қанай көп ұзамай Мәдина Сәдуақасовамен бірігіп орындады. Елдің көңілінен шықты. Осы ретте әннің авторы әрі орындаушысы туындының мағынасын түсіндіріп берді.
"Екі жас некесіз қосылып, қыз бала көтеріп қояды. Жігіт "әке болуға дайын емеспін" деп жауапкершіліктен қашып, телефонын алмайды. Қыз әкесіне қалай айтарын, не істерін білмейді.
"Әкем білсе, құлағымнан бұрайды. Шешем білсе, сабалайды" деп, жеке қалғанда романтикалық фильмдерге қарап жылайды.
Мұнда түпкі жеткізгім келген ойым: "Некесіз төсек қатынасына түспеңіздер, оның ақыры осындай болады". Көбісі менің қызым солай болып кетті деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мен әрбір әніме ойымда сценарий құрып алып шығарамын", – деп бөлісті автор.