"Мұны біреулер бизнеске айналдырған": Алматылық прокурор Қазақстанға заңсыз кірген Ауғанстан азаматтарын анықтады
Елімізде болған қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселелерге, соның ішінде көші-қон ағынымен келетін азаматтарға жаңаша заңды өзгеріс енгізу қажеттігі айқындалды. Енді шетел азаматтары Қазақстан аумағына бірқатар шарттарды сақтап ғана кіре алады. Мысалы үшін, кейбір азаматтар қазақ достарының немесе туыстарының шақыртуымен ғана келе алады. Алайда бұл шектеулерді айналып өтетіндер де бар. Осы және өзге де сұрақтарға Талғар ауданының прокуроры Бақұстар Қыдырбаев жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтемемен.
Қыдырбаевтың сөзінше, президент Тоқаевтың 11 қаңтар күнгі мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінен кейін өңірдегі көші-қон процестеріне талдау жүргізілген.
"Атап айтқанда, бірқатар елдердің соның ішінде Ауғанстан азаматтарының біздің өңір арқылы өтуіне қатысты мәселелер пысықталды. Құжат түрінде барлығы заңды секілді көрінеді: барлығының қолдарында Қазақстаннан шақыртулар болды, бұл құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері арнайы зерттеді. Сәл тереңірек қазып көріп едік, көптеген заң бұзушылықтарды анықтадық", – деп түсіндірді Бақұстар Қыдырбаев.
Прокурор келушілердің қолындағы көптеген шақыру қағаздары қолдан жасалғанын атап өтті.
"Барлығының қолындағы шақыртулар шынайы болмай шықты. Мәселен, досының елге кіруге өтініш берген азаматтың шын мәнінде біздің ауданның аумағында емес, Маңғыстау облысында тұрақты тұратынын және тіркеуде екені белгілі болды. Оның үстіне Ауғанстанда оның достары жоқ, шақырту туралы да бізден біліп тұр. Сонымен қатар құжатты берген нотариус та талай жыл бұрын лицензиясынан айырылған, яғни оның мөрі мен бланкін бөгде біреу пайдаланған болып шықты. Біз осындай барлығы 20 жағдайды анықтадық", – деп жалғастырды прокурор.
Ауғанстан азаматтарының Қазақстанға заңсыз кіруі несімен қауіпті? Прокурор бұл жағдайда көптеген ауған азаматтарының Қазақстан азаматтығын заңсыз алуға әкеп соғады деп ескертеді.
- "Тәліптер кәмелетке толмаған қарындастарымды әйелдікке алып кетуі мүмкін": Түркістан тұрғыны Ауғанстандағы туыстары үшін көмек сұрайды
- "Сіздер қазақ емессіздер": Ауғанстандағы қиналған қазақтарды елшілік қабылдамай жатыр
- Ауғанстандағы этникалық қазақ: Бала-шағамызға құрғақ нанды табудың өзі үлкен проблемаға айналды
"Кейбір шетелдік азаматтар өздерін этникалық қазақ қылып көрсетіп, азаматтық алады, бірақ олардың құжаттары жалған болуы мүмкін. Бұл ретте біз қосымша тексеру жүргіземіз. Екінші мәселе – жауап алу барысында бұл азаматтар шақырту ақысын туған жерінде төлегенін мойындайды. Яғни Қазақстанда ауғандықтардың кіруіне біреулер жол ашып, өздерінің бизнесіне айналдырған. Ал үшінші фактор: осы механизмнің арқасында Қазақстанға тыйым салынған діни ұйымдардың мүшелері, оның ішінде түрлі соғыс нүктелерінде болған содырлар елге оңай кіре алады", – деді Қыдырбаев.
Сонымен қоса мұндай болжам осындай тұлғалардың қозғалысына талдау жасалғаннан кейін айтылған.
"Біз осындай күдікке ілінген адамдардың маршруттарын дерекқор базасы арқылы қадағаладық. Мысалы, азамат Қазақстан аумағына кіріп, содан кейін бірден БАӘ-ге ұшады, сосын қайта Тәжікстан арқылы бізге оралады да шығыс елдерінің біріне қайта ұшады. Ол кәсіпкер болып, бұл сапарларының барлығы кәсібімен байланысты болса мақұл, алайда ондай адам неліктен Қазақстанға жалған құжатпен келеді?", – дейді Қыдырбаев.
Прокурор сондай-ақ мұндай жағдайдың еліміздің басқа өңірлерінде де болуы мүмкін екенін атап өтті.
"Жәй қызығушылық үшін Алматы облысының көршілес аудандары бойынша деректерге зерттеу жүргіздік. Сол арқылы көрші облыстардағы жағдай да дәл осындай екенін байқадық: Ауғанстан азаматтарын шақырған адамның қайда тіркелгенін қарасақ, бұл ауданда тұрмайтын болып шығады. Және бұл үлкен күмән туғызады. Шетелдіктердің үлкен пайызы оңтүстік өңірлер арқылы келеді сондықтан бұл аймақтарды да тексеру қажет. Менің пікірім: мемлекетке қызмет ететін шенеуніктердің көмегінсіз мұндай арнаны ұйымдастыру мүмкін емес, сондықтан антикормен бірлесіп біз бұл заң бұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді іздейміз", – деп түйіндеді Бақұстар Қыдырбаев.