AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәліптер кәмелетке толмаған қарындастарымды әйелдікке алып кетуі мүмкін": Түркістан тұрғыны Ауғанстандағы туыстары үшін көмек сұрайды

Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммед Құрбан – Ауғанстаннан ең алғашқы атажұртына оралған қандастардың бірі. Оның айтуынша, ауған еліндегі этникалық қазақтарға кепіл болатын елдегі туыстары көп. Ауғанстандағы бала-шағасымен жесір қалған жеңгесінің қилы тағдыры туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.  

Мұхаммед Құрбан тарихи отанына Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін көшіп келгенін айтады. Сөзінше, атажұртқа қоныс аударуына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп көмегі тиген. 

“1968 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келгенмін. Жоғары білімім жоқ, мектепте тек бесінші сыныпқа дейін оқығанмын. Атажұртқа 1993 жылы алғашқылардың бірі болып президенттің тікелей бұйрығымен келдік. Ешқандай да құжат жағынан мәселелер туындаған жоқ. Қазақстан Республикасының азаматтығын да оңай алғанбыз. Содан бері әйтеуір атамекенде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі кезде Түркістан қаласында тұрамын. Қазақстанға керуеннің көшіндей пойызбен келдік. Мемлекет барлық шығынды көтеріп, елге алып келді. Қолдарынан келген жәрдемдерін аяған жоқ”, – дейді ер азамат. 

Айтуынша, Ауғанстанда нағашы туыстары қалып қойған. Қазір ол елде найман, қарақасқа, қожа руларынан тараған қазақ отбасылар көп көрінеді. 

“Өткелбай дейтін нағашымыздың балалары Ауған елінде қалып кетті. Рулары – қожа. Тағы басқа қарақасқа, найман, кете секілді рулардан таралған бірнеше таныс үйлер бар. Каписа қаласында 10-15 шақты қазақ отбасы да бар. Олар адай руынан. 2017 жылы елге туған нағашым Мұхаммед-иса Жұма көшіп келді. Кете руынан тарайды. Әйелі және бес баласымен бірге келген. Бір жылға жетпей ол кісі 60-тан асқан шағында ауырып қайтыс болды. Өкінішке қарай, Шымкент қаласының көші-қон басқармасының қызметі Ауғанстан ислам республикасына оларды депортациялап жіберді. Бұл кезде өзім Алматы қаласында болдым. Осы жердегі барлық ағайындар жауапты мекемелерге қалдыруды айтқан. Бұлар Ауғанстанның азаматы деп келіспеген. "Қазақ" деп араша түссе де тыңдамады. Визаларының біткенін себеп етті. Әйелі мен бес баласын апарып тастады. Ақсақалдарымыз да "жетім мен жесірді жылатпаған ел едік" деп уәж де айтты. Бірақ оған да ешкім қараған жоқ”, – деп налыды Мұхаммед Құрбан. 

Қазір ол марқұм бауырының кішкентай балаларының, әсіресе кәмелетке толмаған қыздарының тағдырына уайымдап отырғанын айтады. 

“Олар ауылдық жерде тұруда. Айналасында азғантай ғана қазақтар қалған. Қаланың ішінде бір-екі үй туыстары бар. Олар ешбір жәрдем көрсете алмайды. Ауғанстандағы елшілікке де жолығып, жағдайдың бәрін баяндаған, осы жесір мен жетімдерге жәрдем берулерін сұрапты. Тіпті садақа берсеңдер де көмек қылсаңдаршы деген. Алайда үндеріне ешкім құлақ аспаған. Жеңгеміз бауырымның балаларын бөтен адамға жәутеңдемесін деп екінші рет тұрмыс құрмаған. Шамамыз келсе, Қазақстанға әкелемін деп ойлаған, бірақ болмады. Қазір енді қызының тағдырына қатты алаңдап отыр. Әлі балиғат жасына толмаған. Тәліптер балиғатқа толса, әйелдікке кетуі мүмкін. Олар оны көп уайымдайды”, – дейді Түркістандағы қандамасыз. 

Оның сөзінше, қазір Ауғанстандағы жағдай мәз емес. Отбасын бағы үшін кішкентай балалардың қара жұмыс істеуіне тура келеді. 

“Өзіміздің ешқандай да сауатымыз жоқ. Өз атымыздан арыз жазу қолымыздан келмейді. Елге оларды әкелетін болса, біз оларға кепіл боламыз. Жүз қазақты әкелсе де, куәлік қыламыз ғой. Қазақ екендіктерін нақты айта аламын. Еліміздің оңтүстік аймақтарында бәрінің де туыстары бар. Олармен әлеуметтік желілер арқылы байланысып тұрмыз. Сөйлескен сайын уайымға салынбаңдар деп қоямын. Құр сөзбен қолдау беріп жатырмын. Қыздары үйден мүлдем шықпайды. Екі ұлы да кәмелет жасына жетпеген. Солар қара жұмыс істеуге мәжбүр. Жейтін нандарын әрең тауып жүр. Жетім-жесір екенін білетіндер садақаларын беріп кетеді екен. Қайыр-садақаның арқасында тірі отыр. Балаларының ешқайсысы мектеп оқымайды. Елшіліктің араласып, көмектескендерін қалаймыз. Біздің үнімізге үкіметіміз құлақ асса ғой. Нұр-Сұлтанға барып, Сыртқы істер министрлігінің есігін жағалап жүргенге мүмкіндік жоқ. Поштамен хат салғанға да сауатымыз болмай тұр. Ешкім бізге хабарласып, көмек жайлы ұсыныстарын айтқан емес. Мазари-Шарифте де қалып кеткен туыстар бар. Барлығының құжаттарын жинап, сіздерге жіберемін. Олар елшіліктің есігін жағалап жүргендеріне екі жылдан асты. Барған сайын виза береміз деп, келесі аптаға қалдыра береді. Оларды босқа әуре қылып жүр. Бәрінің қазақ екендіктерін дәлелдеп береміз”, – деп қосты ол. 

Stan.kz редакциясында осы отбасы мен өзге де Ауғанстандағы қандастардың жеке басын куәландыратын бірнеше құжаттар бар. Мазари-Шариф қаласынан 80  осы отбасылық суреттерін алуға сондағы қандастарымызға өтініш жасадық. Өкінішке қарай, ғаламтор байланысы нашар болғандықтан, ол кісілермен тікелей байланысқа шығу мүмкін емес. Редакция қызығушылық танытып, Ауғанстандағы этникалық қазақтар туралы ақпараттарды алғысы келетіндермен әріптестік орнатуға дайын. 

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр