Мұхтар Жәкішевтің қызы шетелдік азаматқа тұрмысқа шықты

Қазақстандық бизнесмен, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішева Лондонда тұрмысқа шықты. Оның жары – Карл Оби есімді шетелдік азамат. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қуанышты жаңалықты кәсіпкердің қызы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Жарияланған кадрларда салтанатты той емес, жақындарының ортасында өткен шағын әрі жылы рәсімді байқауға болады. Қалыңдық бұл күнге қарапайым, бірақ талғамды көйлек таңдаған. Оның қолындағы бордо түсті калла гүлдері де көптің назарын аударды.
ОқыңызАшық дереккөздегі ақпаратқа сүйенсек, Карл Оби Манчестер университетін тәмамдаған және инвестициялық менеджер болып жұмыс істейді. Ал Instagram парақшасы жабық.
“Сенбі, 9 мамыр күні Лондондағы ратушада отбасымыздың ортасында некемізді ресми түрде тіркедік. Жаңбыр жауады деп болжаған еді, бірақ күні бойы күн ашық болып, аспан шайдай ашылды. Сол күні мен ресми түрде Mrs OJ атандым”, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары жас жұбайларға жылы лебізін білдіріп жатыр.
“Ең сұлу қалыңдық”, “Ертегідегідей әдемі жұп”, “Сіздер тұрған қонақүйде мен де болдым. Дәлізде кетіп бара жатқаныңызды көріп, сұлулығыңызға таңғалдым”, – деп жазды оқырмандар.
Алтынай Жәкішева 1999 жылы туған. Ол модельдікпен айналысады, Лондонда тұрып, жұмыс істейді.
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішев – қазақстандық бизнесмен, “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы. Ол 1963 жылы 28 маусымда Алматыда дүниеге келген. Мәскеу инженерлік-физика институтын “инженер-физик” мамандығы бойынша тәмамдаған, кейін осы оқу орнының аспирантурасында білім алған.
Әр жылдары Жәкішев бизнес құрылымдарында еңбек етіп, Butya, “Заңғар”, “Алаутрансгаз” компанияларында басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болған.
1998 жылдан бастап “Қазатомөнеркәсіп”жүйесінде жұмыс істеді. Ал 2002-2009 жылдары ұлттық атом компаниясын басқарды. Бұл кезең Қазақстанның уран саласы белсенді дамыған уақыт ретінде жиі аталады.
2009 жылы Мұхтар Жәкішев ұсталып, кейін бірнеше қылмыстық бап бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұл іс Қазақстандағы ең резонансты істердің бірі болып, қоғамда кеңінен талқыланды.
2020 жылдың наурызында Мұхтар Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Ол түрмеде 11 жылға жуық уақыт өткізді.
Мұхтар Жәкішевтің үлкен отбасы бар. Балаларының арасында Айгерім, Айсұлу, Алтынай, Айдай және Айтөре бар. 2023 жылы отбасында тағы бір қыз дүниеге келген.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр