Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Макияж жасаса, күйеулері де ажырата алмайды": Егіз ағайындыға тұрмысқа шыққан егіз қыздар өмірлері туралы айтты

Егіздер отбасы
Фото: instagram.com/egiz_omir

Асыл мен Айым – егіз қыздар. Төребек пен Жолдасбек – егіз ағайынды. Бір қызығы, тағдыр осы төрт жастың жолын тоғыстырып, оларды бір шаңырақтың келіні мен бір әулеттің күйеу баласына айналдырған. Төребек Асылға, Жолдасбек Айымға үйленген. Айтуларынша, олар Қазақстанда егіздердің егіздерге тұрмысқа шыққан алғашқы жұбы. Stan.kz тілшісі ерекше отбасының оқиғасын өз аузынан тыңдап, олардың махаббатқа толы өмірі мен егіздерге тән қызықтарын ұсынады.

Асыл мен Айымның балалық шағы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Бесоба ауылында өтсе, Төребек пен Жолдасбек Маңғыстау облысының Жармыш ауылында өскен. Бүгінде екі отбасы да бір-біріне өте жақын. Өздері мұны “біздің өміріміз басқаларға қызық көрінуі мүмкін, бірақ біз үшін бұл қалыпты жағдай” дейді.

Таныстық сауда орталығынан басталған

Төрт жастың таныстығы Алматыдағы “Адал” сауда орталығынан басталған. Ол кезде Айым ерлер мен әйелдер аяқ киімі сатылатын бутикте жұмыс істеп жүрген.

Жолдасбек сол жерге досымен бірге келіп, Айымды кезіктіреді.

“Жолдасбек менімен танысу үшін досына тар болса да кроссовка алдырған. Сол кезде нөмірімді бермедім. Тек егіз екенімізді және есімімді біліп кетті”, – дейді Айым.

Осыдан кейін жігіттер қыздарды бір-екі ай бойы іздейді. Ақыры әлеуметтік желі арқылы тауып, хат жазған. Айымның айтуынша, олар да “егіз жігіттер қандай болады екен?” деп қызығып, алғашқы кездесуге келісіпті. Сол кездесуде жігіттер қыздарды бес сағат күткен.

“Сол күні бір-бірімізді шатастырып алдық. Тіпті қазірге дейін сол кезде нақты кім кіммен сөйлескенін білмейміз. Кейін ғана ажырата бастадық”, – дейді олар.

Алғашында төртеуі дос ретінде араласқан. Уақыт өте келе ортақ қызығушылықтары көбейіп, бірге дүкен аралап, бірдей киім таңдауды әдетке айналдырған. Кейін Төребек пен Асыл, Жолдасбек пен Айым қыз-жігіт болып, екі жылдай кездескен.

Мінездері де жұп-жұбымен ұқсайды

Бір қызығы, екі жұптың мінезінде де ұқсастық бар. Асылдың сөзінше, Төребек екеуі қызуқанды, тез ашуланып, тез басылатын, қолындағысын аямайтын жомарт адамдар. Ал Жолдасбек пен Айым сабырлы, көп ашуланбайды, ренжісе үндемей қалады.

“Бір қызығы, мінезіміз де жұп-жұбымен ұқсас болып шықты. Төребек пен Асыл қызуқанды, ал Жолдасбек пен Айым сабырлы. Жомарттық жағынан да біз сәл төмендеу шығармыз”, – дейді олар әзілдеп.

Ұзату, үйлену той, беташар бәрі бір күнде өткен

Кейіпкерлеріміздің сөзінше, ол шақта қазіргідей ерекше ұсыныс жасау, романтикалық дайындық болмаған. 2015 жылы қыздар төртінші курсты бітіріп жатқан. Олар психология мамандығында оқыса, жігіттер ветеринария мамандығы бойынша бес жылдық білім алған.

“Біз университетті бітіріп, жұмысқа тұрсақ, статусымыз өзгеріп кетеді деп ойладық. Содан екі-үш айдың ішінде үйленіп кеттік”, – дейді Айым.

Төрт жастың тойы да ерекше өткен. Сырға салу бір күнде, ұзату бір күнде, үйлену той бір күнде, беташар бір күнде ұйымдастырылған. Кейін үлкен құдалық жасалып, бұл той ел ішінде кеңінен танылған көрінеді.

Күйеулері әйелдерін танымай қалған

Егіздердің өмірінде қызық оқиға көп. Әсіресе, Айымның айтуынша, той күні болған жағдай әлі күнге дейін естен кетпейді.

“Тойға макияж жасаған кезде күйеулеріміз бізді ажырата алмай, шатастырып алған еді. Ал ата-анамыз, туған-туыстарымыз әлі күнге дейін кейде шатастырады. Бірақ балаларымыз қырқынан шыққаннан бері бізді ешқашан шатастырған емес”, – дейді егіздер.

Келін болып түскенде де қызық жағдайлар жиі болған. Сәлем салған кезде үлкендер “жаңа ғана сәлем салдың ғой” деп кейде сәлемін алмай қалған.

“Ондай жағдай көп болды. “Мен Айыммын ғой” немесе “мен Асылмын ғой” деп айтқаннан кейін ғана танып жататын” – дейді олар.

“Бізде абысын, бажа деген түсінік жоқ”

Асыл мен Айым бір әулетке келін болып түскенімен, араларында “абысын”, “бажа” деген ресмилік жоқ екенін айтады. Олар көбіне құрдастар секілді араласып, бір-бірін бұрынғыдай егіз ретінде қабылдайды

“Біз бір-бірімізді егіз ретінде қабылдаймыз. Арасында ренжіскен сәттер болмаса, әдетте бәріміз құрдас сияқты жүреміз. Бір-бірімізді сыйлаймыз”, – дейді олар.

Төртеуі қайда барса да бірге жүруге тырысады. Туған күндерді де бірге атап өтеді. Отбасылық мерекелер, балалардың қуанышы, күнделікті тіршілік – бәрі ортақ.

Алты бала да бір-біріне егіздей жақын

Бүгінде екі отбасында үш-үштен, жалпы алты бала бар. Олар 2016, 2019, 2020 және 2024 жылдары дүниеге келген. Балалардың арасында әзірге егіздер жоқ. Бірақ Айым мен Асыл болашақта егіз сәби сүйеміз деген үміттері бар екенін жасырмады.

Балаларының жас айырмашылығы өте жақын. Алғашқы екі баланың арасы небәрі 40 күн. Сондықтан олар да бір-бірін егізіндей қабылдап өскен.

“Бір жаққа барсақ, алты бала бірге жүреді. Жастары қатар болғандықтан, бір-бірімен жақсы ойнайды. Бірге балабақшамен қоштасып, бірге мектепке дайындаламыз”, – дейді егіз келіндер.

“Тойға барсақ, көбіне бізген суретке түседі”

Асыл мен Айымның сөзінше, олар бала кезінен көпшіліктің назарында жүруге үйренген. Егіз болғандықтан, адамдар үнемі қызығушылық танытып, суретке түскісі келеді. Ал қазір күйеулері де егіз болғандықтан, бұл қызығушылық тіпті арта түскен.

“Кез келген тойға, шараға барсақ, адамдар жас-жұбайлармен емес, көбіне бізбен суретке түседі. Егізім екеуміз ғана жүрсек те, келіп фотоға түсіп жатады. Ал төртеуміз бірдей киініп шықсақ, бәріне қызық”, – дейді олар.

Олардың айтуынша, төртеуінің талғамы да ұқсас. Бір нәрсе сатып алса, екіншісі де дәл сондайын таңдауы мүмкін. Бірдей киіну де – отбасылық ерекшеліктерінің бірі.

“Бауырлық байланысымыз бұрынғыдан да нығая түсті”

Егіз келіндердің айтуынша, тұрмыс құрғаннан кейін олардың бауырлық байланысы үзілмей, керісінше нығая түскен. Олардың жолдастары да осылай санайды. Өйткені қуанышы да, күнделікті тіршілігі де, баратын ортасы да ортақ.

“Мәселелеріміз бір, баратын жеріміз бір, туғандарымыз да бір. Сондықтан бауырлық байланысымыз өзгерген жоқ, керісінше, күшейе түсті”, – дейді олар.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 10:00