Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда құрдастары қызды аяусыз ұрып-соққан

соққыға жығылған қыз
Фото: Видеодан скрин

Ақтауда жасөспірімдер құрдас қызды аяусыз ұрып-соққан. Мектеп оқушылары қызды мазақтап, қорлап, болған жағдайды видеоға түсірген. Кейін бейнежазба әлеуметтік желіге тараған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кадрлардағы қатыгездік әлеуметік желі қолданушыларын дүр сілкіндірді. Видеода қыз тізерлеп отырған кезде құрдастары оны тепкілеп, басынан ұрады. Кейін қыз тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлаған. Осы тұста видео үзіліп кетеді.

Полиция оқиғаға қатысты толық мәлімет бермеді. Белгілі болғаны, шабуылға қатысқан барлық жасөспірімнің жеке басы анықталған.

Олардың ата-аналары бала тәрбиесіне тиісті деңгейде қарамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, іс материалдары сотқа жолданған. Сонымен қатар мәселе тиісті шара қабылдау үшін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген.

Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылып, олармен және отбасыларымен жұмыс жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір топ жасөспірім қатарласын аяусыз соққыға жығып, қорлаған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Видеода бір топ жасөспірімнің қатарласын ұрып-соғып, балағаттап жатқаны көрінеді. Ал жазбаны әлеуметтік желіге 14 жастағы қыз жариялаған. Құзырлы орган оларды көп ұзамай ұстады. Қазір "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс тергелген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 18:20