Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді науқастар МӘМС арқылы алған медициналық қызметтерін бақылай алады

Солтүстік Қазақстанда науқас ФГДС кезінде қайтыс болды
Фото: Әлеуметтік желіден

МӘМС жүйесінде қаржылық бақылау күшейтіледі. Енді медициналық ұйымдарға негізсіз төлемдер қаражат аударылғанға дейін анықталуы мүмкін. Ал пациенттер өзіне көрсетілген және Қор төлеген медициналық қызметтерді электронды қаржылық паспорт арқылы бақылауға мүмкіндік алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа өзгерістер медициналық қызметтердің сапасын арттырып, жалған көрсетілімдер мен "қосып жазу" фактілерін жоюға бағытталған. Алайда сарапшылар бұл бастамалардың тәуекелдері де бар екенін атап өтті.

МӘМС жүйесін реформалаудың қаржылық тәртіпке, ашықтыққа және медициналық сақтандыру жүйесін басқаруға бағытталған бірінші кезеңі аяқталды. Келесі кезеңде пациенттің электронды қаржылық паспортын іске қосу жоспарланып отыр.

Дегенмен денсаулық сақтау саласының сарапшысы Әли Нұрғожаев жаңашылдықтар медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.

"Клиникалар қазірдің өзінде қаржыландыруды, біріншіден, көрсетілген қызметтен кейін алады, екіншіден, бұл қаражат әрдайым қысқа мерзімде түсе бермейді. Сондықтан белгілі бір тәртіп орнатуға деген ниет бар екені көрініп тұр. Екінші мәселе — денсаулық сақтау саласында шамамен 300 мың медицина қызметкері бар, пациенттер саны да өте көп. Әрине, олардың құқықтары қорғалуы керек. Тәртіп орнатуға деген ұмтылыс болғанымен, барлық өзгеріс өте мұқият жүргізілуге тиіс", – деді Әли Нұрғожаев.

Сарапшы Вячеслав Локшиннің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерді алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізген дұрыс. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың жұмысын бақылаумен қатар, дәрігерлерге түсетін бюрократиялық жүктемені азайтып, ең алдымен емдеу сапасын бағалау маңызды.

Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вычеслав Локшин әрбір клиниканың қаржылық тұрақтылығы бірдей еме екенін айтады.

"Әсіресе мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін бұл сезімтал мәселе болуы мүмкін. Өйткені олардың негізгі қаржысы МӘМС жүйесі арқылы түседі. Жекеменшік клиникалар бұл жағдайды белгілі бір деңгейде еңсере алады, себебі олардың ақылы қызметтерден түсетін жеткілікті кірісі бар. Дамыған елдердегі тәжірибеге назар аудару керек. Медициналық қызметтің сапасын бағалауға әлдеқашан көшу керек. Сапалы жұмыс істейтін ұйымдарға, бәлкім, ынталандыру коэффициенттерін де енгізген жөн", – деді Вычеслав Локшин.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, реформаның бірінші кезеңінің нәтижелері қазірдің өзінде бар. Биылғы бірінші жартыжылдықта антифрод жүйесі 4 миллиард теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтарды анықтаған.

Алайда мамандардың пікірінше, бақылау шараларын шамадан тыс күшейту медицина қызметкерлерінің басқа салаға кетуіне және емханалардың жұмысында қиындықтардың туындауына әкелуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 140 мыңға жуық азамат медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркеліп, олардың атына көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделгені туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соның салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 11:38