Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адамдарды улаған қыз өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Ким Со Ён
Фото: X/@Shanghai Daily

Желі қолданушылары "ең сұлу қанішер" деп атап кеткен 20 жастағы Ким Со Ён Сеулде ер адамдарды улау ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді Сеулдің Солтүстік аудандық соты шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Chosun порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ким Со Ён алты адамды өлтірді және олардың денсаулығына зиян келтірді деп айыпталған. Сот отырысы кезінде қыз ешкімді өлтіргісі келмегенін айтқан. Оның сөзінше, ол ер адамдарды ұйықтату және өзін жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін тыныштандыратын дәрі берген.

Алайда сот бұл түсініктемені қабылдамады. Судья KakaoTalk-тағы хат алмасулар мен іс бойынша басқа да дәлелдерді зерттеп, қыздың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын дерек таппаған.

"KakaoTalk-тағы хат алмасулар мен басқа да дәлелдерде зорлау белгілері жоқ. Сондықтан жәбірленушілерді жыныстық зорлықтан қорғау үшін уақытша ұйықтатқысы келді деген уәжді қабылдау мүмкін емес", – делінген сот шешімінде.

Сондай-ақ сот Ким Со Ён өзі қолданған дәрілердің қаншалықты қауіпті екенін түсінгенін анықтаған. Бұған қоса, ол ChatGPT арқылы препараттарды қандай жағдайда қабылдау өлімге әкелуі мүмкін екенін іздеген.

Істердің бірінде денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айып бойынша қыз ақталған. Сот Ким Со Ёнды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған 30 жыл бойы орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін электронды білезік тағу міндеттелді.

Жаза тағайындау кезінде сот оның өкінбегенін және басқа да жағдайларды ескерген. Атап айтқанда, сотталушының интеллект деңгейінің төмен болғанын және бала кезінде анасынан зорлық-зомбылық көргенін назарға алған.

"Өлім жазасы адам өмірін қиятын ерекше жаза болғандықтан, оның кінәсінің дәрежесін ескере отырып, мұндай жазаның негізді екені туралы қорытынды жасау қиын. Қылмыстың себептері, жасалу тәсілі, салдары және басқа да жағдайларды ескере отырып, сотталушыны қоғамнан өмір бойына оқшаулау туралы шешім қабылдадық", – деді судья.

Бірінші инстанция сотының үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Оқиға туралы бұған дейін, ақпан айында, көпшілікке кеңінен тараған еді. Сол кезде Сеул тұрғыны, 20 жастағы қыз ер адамдарды тыныштандыратын дәрілермен улады деген күдікпен қамауға алынған. Тергеу нұсқасы бойынша, қыз ер адамдармен жанжалдасқаннан кейін олардың сусындарына дәрі араластырған. Тергеушілер оның ChatGPT көмегімен дәрілердің өлімге әкелетін мөлшерін алдын ала есептегенін анықтаған. Осылайша, екі ер адам қайтыс болған. Ал мамыр айында Сеул прокуратурасы Ким Со Ёнды тағы үш адамның өліміне қатысы болуы мүмкін деп күдіктенген.

Еске салайық, бұған дейін Үндістанның Махараштра штатында полиция тоғыз ер адамды алдап, олардың ақшасы мен бағалы заттарын алып кеткен әйел мен оның сыбайластарын іздестірген. Тергеу ер адамдардың бірі әйелге үйленгеннен кейін оның бірнеше күн ішінде ақша мен зергерлік бұйымдарды алып қашып кеткенін айтып, полицияға арызданған соң басталған. Кейін әйелдің бұған дейін де бірнеше ер адамға тұрмысқа шыққаны анықталған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 18:48