Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам өзін алдаған әйелін 65 жылға соттатты

Ли Пин мен жұбайы
Фото: guancha.cn

Қытайда ер адам өзін алдап, дүние-мүлкін иемденбек болған әйелінің қылмысын әшкерелеу үшін тоғыз жылын және қыруар қаржысын жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Ли Пин есімді 52 жастағы инвестордың басынан өткен. Ол биржада табыс тауып, дәулетті азаматтардың қатарына қосылған. 2014 жылы Ли банкте жұмыс істейтін Чжан Шудань есімді әйелмен танысады. Әйел оған ауыр балалық шағы, өз күшімен оқуға түскені туралы әсерлі әңгіме айтып, сеніміне кіреді.

Көп ұзамай Ли оның банкіне ірі көлемде ақша аударады. Кейін екеуі шаңырақ көтеріп, ер адам жас жұбайына Шэньчжэнь қаласынан пәтер де сатып әперген.

 Алайда некеден кейін көп ұзамай күмәнді жағдайлар басталады. Бір күні Лидің көлігінің тежегіші істен шығады. Осы оқиғадан соң жүкті әйелі аяқ астынан жоғалып, Лос-Анджелеске ұшып кеткен. Ол өзімен бірге ақшаны және бірнеше пәтердің құжатын алып кеткені белгілі болды.

Кейін тергеу барысында Чжан мен оның сыбайласы Лидің көлігінің тежегіш жүйесін әдейі бүлдіргені анықталған. Олардың мақсаты ер адамды өлтіріп, оның байлығына қол жеткізу болған. Артынша әйелдің құрсағындағы баланың Лиден емес екені де анықталған.

Осыдан кейін ер адам әйелін табу үшін Қытай мен АҚШ-та жеке детективтер мен заңгерлер жалдаған. Ол жұбайы туралы қандай да бір мәлімет берген адамға бір миллион доллар сыйақы беруге дайын екенін де жариялаған.

2020 жылы Қытай соты олардың некесін жарамсыз деп танып, Лиге пәтерлерін қайтарып берді. Ал 2024 жылы Чжан АҚШ-та ұсталды.

Америкалық сот әйелді алаяқтық, адам саудасы және бала ұрлау секілді бірнеше айып бойынша кінәлі деп танып, 65 жылға бас бостандығынан айырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 17:40