Қазақстан әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартты – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арнап үндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жариялады. Президент Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы ұстанымына тоқталды.
"Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады. Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз", – деді Тоқаев.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді дейді мемлекет басшысы.
"Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз”, – деді президент.
Бұдан бөлек, президент атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санайды.
“Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады. Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанның ядролық қару мен байытылған уранды таратпау ұстанымы өзгермейтінін айтқан еді. Сондай-ақ ол халықаралық бақылау режимін нығайту мақсатында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
