Қазақстанның бір өңірінде мектеп оқушыларына шұбат беріле бастайды

Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушыларына дәстүрлі сусын түйе сүтінен жасалған шұбат беріледі. Бұл ұлттық сусынды мектеп оқушыларының күнделікті тамақтану рационына жүйелі түрде енгізу бойынша Қазақстандағы алғашқы жоба.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуының арқасында жүзеге асып отыр. 26 тамызда Жаңаөзенде "Нар-Бота" шұбат құю цехының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала ақсақалдары, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері қатысты.
Мектеп оқушыларын шұбатпен қамтамасыз ету бастамасын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерген. Жоба ең алдымен балалардың денсаулығын нығайтып, оларды табиғи әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Шұбаттың құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және толыққанды тамақтануға қажетті басқа да пайдалы заттар бар.
"Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуы керек. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу жөніндегі бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, сондай-ақ жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдер балаларымызға қолжетімді болуы керек", – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім шығаруға қауқарлы.
Кәсіпорында өндірістің негізгі кезеңдері жолға қойылған. Атап айтқанда, түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау жұмыстары жүргізіледі. Өндірістің іске қосылуы түйе шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруашылықтарға да қосымша мүмкіндік беріп, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастырады.
Айта кетейік, биыл 12 қаңтарда "Жаңаөзен сүт зауытында" құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын. Шұбат өндіру және құюға арналған жаңа цехтың ашылуы кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.

Салтанатты шара барысында дәстүрлі бата беріліп, лента қию рәсімі өтті. Бұдан кейін облыс әкімі мен қонақтар өндіріс барысымен және жаңа жабдықтармен танысты.
Осылайша, Маңғыстау облысы елде алғаш болып маңызды қадам жасап отыр: ұлттық сусын мектеп оқушыларының тамақтану рационына енгізіледі. Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің оқушылары жергілікті жерде өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама балалардың денсаулығын нығайтуды, отандық өндірісті қолдауды, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамытуды және ұлттық дәстүрді сақтауды қатар көздейді.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады