Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балықшылар 572 келілік балықты судан үш сағат бойы шығарған

Көгілдір марлин
Фото: Associated Press

АҚШ жағалауында балықшылар салмағы 572 келілік алып атлантикалық көк марлин ұстады. Associated Press мәліметінше, балықты судан шығару үшін оларға шамамен үш сағат уақыт кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Чартерлік балық аулау кемесінің капитаны Дэймон Сакко мен оның клиенті Уолтер Чепмен бастапқыда ірі олжаны акула деп ойлаған. Алайда балық су бетіне шыққанда оның ұзын әрі сүйір тұмсығын көріп, марлин екенін түсінген.

Ұсталған балықтың ұзындығы 3,3 метрден асқан. Капитанның айтуынша, алып марлин су бетіне шыққанда “жарқыраған ғарыш кемесіне” ұқсаған.

Балықты қайыққа тарту кезінде марлин сүйір тұмсығымен кеменің корпусын бірнеше жерден тесіп кеткен. Балықшылар бұл іздерді әзілдеп “шайқас белгісі” деп атаған.

Алып марлиннің салмағы әлемдік рекордтан небәрі 64,4 келіге аз болып шықты. Мамандардың айтуынша, АҚШ жағалауындағы салқын суда мұндай көлемдегі марлиннің кездесуі сирек құбылыс.

Балықтың етін 12 адамға бөліп берген. Ал басы жасын анықтау үшін зертханаға жіберілген. Мамандар марлин шамамен 25-30 жыл өмір сүрген болуы мүмкін деп болжап отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 20:28