Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттік қызметке адам таба алмай отырмыз": Әкім бәс тіккен қызметкерлерге түсіністікпен қарауды сұрады

бәс тіккен шенеугніктер
Фото: depositphotos.com

Ақмола облысында мемлекеттік қызметте жүріп, букмекерлік кеңселерге ақша тіккен қызметкерлер анықталды. Олардың бірі 1370 рет ақша тіксе, бухгалтер болып қызмет атқарған енді бірі ойын үшін шотын 5,7 миллион теңгеге толықтырған. Алайда Шортанды ауданының әкімі бұл қызметкерлерді жұмыстан шығаруға қарсы болды. Айтуынша қазір онсыз да кадр тапшы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әкім орынбасары ақша тіксе, бухгалтер ойын үшін шотын 5,7 миллион теңгеге толықтырған

Шортанды ауданында букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларда ойнаған сегіз мемлекеттік қызметкер анықталды. Оның үшеуі мемлекеттік қызметке келгенге дейін ойнағандықтан, оларға қатысты шара қолданылмаған. Қалғандарының арасында бірнеше рет бәс тіккен қызметкерлер бар.

Шортанды ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Қазантаев 2025 жылғы маусым-қыркүйек аралығында букмекерлік кеңседе 519 рет бәс жасаған. Ал Шортанды кенті әкімінің орынбасары Серікбол 2021 жылғы ақпаннан 2025 жылғы қаңтарға дейін 1370 рет ақша тіккен.

Петров ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Мельник те букмекерлік қосымшаны пайдаланған. Ол шотын 5,7 миллион теңгеден астам сомаға толықтырған. Қызығы бұл маман ауылдық округте бухгалтер болып жұмыс істейді әрі материалдық жауапты қызметкер саналады. Ол букмекерлік шотына салған қаражатты қайдан алғанын түсіндіре алмаған. Осыдан кейін ауданның экономика және қаржы бөлімі оның бюджет қаражатын пайдалануы мүмкін деген күдікпен тексеру жүргізген. Енді бұл мәселені ревизиялық комиссия қарайды.

 Әкім оларды жұмыстан шығаруға қарсы

Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров болса қызметкерлерді бірден жұмыстан шығаруға қарсылық білдірді. Ол мемлекеттік қызметте қазірдің өзінде кадр тапшылығы барын айтып, алғаш рет тәртіп бұзғандарға жеңілдік жасауды ұсынды.

"Қазір мемлекеттік қызметке кадр қабылдау қиын. Бұрын тағылымдамадан өтіп, бір орынға он шақты адам таласатын. Ал бүгінде маман таба алмай отырмыз. Сондықтан осы қызметкерлердің барлығын жұмыстан шығару адамгершілікке жатпайды деп ойлаймын. Мемлекеттік саясатты кім жүзеге асырады? Меніңше, алғаш рет тәртіп бұзғандарға сәл де болса түсіністікпен қарауға болады. Ал қаржылық заңбұзушылық анықталса, ең қатаң шара қолданылады, бұған кепілдік беремін", – деді аудан әкімі Әдеп жөніндегі кеңес мүшелеріне.

Алайда Әдеп жөніндегі кеңес бұл пікірді қолдамады. Нәтижесінде Шортанды ауданындағы бес мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босату ұсынылды. Заң бойынша мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындар мен бәске қатысуға тыйым салынған. Бұл талапты бұзу қызметтен босатуға негіз болады.

Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлерге eGov Mobile арқылы құмар ойындарға қатысуға шектеу қою ұсынылды. Сондай-ақ олардың құмар ойындарға қатысуы ай сайын бақыланатын болады.

Көкшетауда бес қызметкер бәс тіккен

Ал Көкшетауда букмекерлік кеңселерге ақша тіккен бес мемлекеттік қызметкердің үшеуі жұмыстан босатылған. Олар:

  • қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Өмірзақов;
  • Краснояр ауылдық округі әкімдігінің маманы Абдрахманов;
  • қалалық экономика және қаржы бөлімінің қызметкері Бимендин.

Қалған екі қызметкерге тәртіптік жаза қолданылмаған. Көкшетау әкімі аппаратының басшысы Әлімжан Айтайдың айтуынша, олардың соңғы бәс тіккеніне алты айдан асып кеткен. Заң бойынша тәртіптік жаза теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай ішінде ғана қолданылуы керек.

Әлімжан Айтай жұмыстан босатылғандардың арасында мемлекеттік қызметте он жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі мамандар да болғанын айтты.

"Шынын айтқанда, олар ірі халықаралық жарыстар кезінде аз ғана ақшаға бәс тіккен. Мемлекеттік қызметкерлер арасында нағыз лудомандарды көрген жоқпын", – деді ол.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 28 Тамыз, 2026 17:20