Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар телефондарды тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндеттелмек

Биометриялық сәйкестендіру
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Жаңа талаптарға сәйкес, пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Ашық НҚА" порталында міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізу туралы жаңа заң жобасын жариялады.

Жобаға сәйкес, енді Қазақстанда телефон сатып алған кезде құрылғы туралы ақпаратпен қатар, оны пайдаланатын немесе иеленетін адамның жеке мәліметтерін де растау қажет болады.

Жобада өтініш берушілер мен байланыс қызметтерін алғаш пайдаланушыларды биометриялық сәкестендіруден өткізу қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлармен ақпарат алмасуды автоматты түрде жүзеге асыру жоспарланған.

Бұл ретте өтініш берушілердің биометриялық сәйкестендіруден нақты қалай және қандай жағдайларда өтетіні құжатта нақтыланбаған.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, бұл құрылғыларды бөтен адамдардың атына тіркеу немесе заңсыз жолмен алынған жеке мәліметтерді пайдалану жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді.

"Мәліметтердің дұрыстығына қосымша кепілдіктер өтініш берушілер мен байланыс қызметтерін алғаш рет пайдаланушыларды биометриялық сәйкестендіруден өткізу, сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлармен автоматтандырылған ақпарат алмасу арқылы қамтамасыз етіледі", – делінген жобада.

Сонымен қатар жоба авторлары құрылғының өндірілген және Қазақстанға әкелінген кезінен бастап, иесінің ауысуы мен қолданыстан шығарылғанға дейінгі тарихын бақылауды көздеп отыр. Бұл жалған немесе өзгертілген IMEI-кодтары бар телефондарды пайдалануды қиындатып, құрылғының қайдан шыққанын анықтауға мүмкіндік береді.

Құжат "Ашық НҚА" порталында 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқылауда болады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанға ұялы телефон әкелу ережелері өзгергені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 19:46