Алматыда 12 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, 100-ден аса адам эвакуацияланды
Алматыда Дарабоз шағын ауданында орналасқан 12 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, 100-ден аса адам құтқарылып, эвакуацияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Алатау ауданындағы Дарабоз шағын ауданында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің 11-қабатынан өрт шыққан.
“ТЖМ-нің алғашқы бөлімшелері келген кезде пәтерлердің бірінің ас үй бөлмесінде 11-қабатта ашық жалынмен өрт болып жатқаны анықталды. Құтқарушылар дереу барлау жұмыстарын жүргізуге, тұрғындарды құтқаруға және эвакуациялауға кірісті. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары баспалдақ маршы арқылы, құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Сондай-ақ шамамен 100 адам эвакуацияланды”, – деп жазылған хабарламада.
Мамандар кейін өрттің толығымен сөндірілгенін мәлімдеді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.
