Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқытушыдан Құрылтай төрағасына дейін: Айбек Дәдебай туралы не белгілі?

төраға
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

28 тамыз күні Құрылтай сессиясы өтіп, оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиын кезінде президент Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды. Ал түстен кейін алғашқы отырыс өтіп, жасырын дауыс беру арқылы ол төраға болды. Осы орайда Stan.kz Айбек Дәдебайдың Құрылтай төрағалығына дейінгі қызмет жолына шолу жасады.

Айбек Дәдебай кім?

Айбек Дәдебай 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Үйленген, 4 баласы бар. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген.

Ал әкесі – Арқабай Дәдебай, филолог-арабист, араб-қазақ сөздігінің авторларының бірі. 

Бұл әулетте тағы бір белгілі тұлғаның есімі аталады. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Жанғара Дәдебай — Айбектің ағасы деп көрсетіледі. 

Карьерасы қалай өрбіді?

Дәдебай жоғары білімді Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде алған. 2001 жылы “құжаттанушы-халықаралық маман”, 2003 жылы “аймақтану магистрі” мамандықтарын бітірген. Сонымен қатар оған ІІ сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі берілген.

Дәдебай еңбек жолын 2001–2002 жылдары өзі білім алған университеттің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы болып бастады. Кейін мемлекеттік қызметке ауысты.

2008–2011 жылдары Парламент сенаты аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінде сарапшы болып жұмыс істеді. Кейін сенат төрағасының көмекшісі қызметін атқарды. Бұл кезеңде сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

2011 жылы Тоқаев Қазақстанның БҰҰ жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды. Сол кезде Айбек Дәдебай да Женеваға ауысып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде атташе, кейін үшінші хатшы қызметтерін атқарды.

Осылайша, оның бірнеше жыл бойы кәсіби қызмет жолы Тоқаевтың қызметімен қатар өрбіді. Қазақстанға оралған соң, 2013–2019 жылдары парламент сенаты төрағасының хатшылығын басқарды. Бұл қызметте алдымен меңгерушінің орынбасары, кейін хатшы меңгерушісі болды.

Одан кейін оның мемлекеттік қызметтегі карьерасы қарқынды өсті. 2019–2021 жылдары президент кеңсесі бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2021–2022 жылдары президент іс басқарушысының орынбасары болды.

2022 жылы қаңтардан бастап президент іс басқарушысы қызметіне тағайындалып, сол жылдың қарашасында қызметін сақтап қалды. 

Дәдебайдың мемлекеттік қызметтегі ең жоғары лауазымы президент әкімшілігінің басшысы. Бұл қызметке ол 2024 жылы ақпанда тағайындалып, 2026 жылы мамырға дейін атқарды.

төраға
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Саясатқа келуі

2026 жылы мамырдан бастап Айбек Дәдебай “Әділет” партиясының төрағасы болды. Сонымен қатар ол партияның 2026 жылы 21 шілдеде бекітілген тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды.

Кәсібі бар ма?

Айбек Дәдебайдың аты 2003 жылы Алматыда тіркелген INNOSOFT ЖШС-ның басшысы ретінде көрсетіледі. Компанияның қазіргі статусы ашық деректе белсенді болып тұр. 

  • ТОО INNOSOFT, БИН 030540014617
  • Тіркелген күні - 2003 жыл 8 мамыр
  • Заңды мекенжайы: Алматы, Бостандық ауданы, "Орбита-3" ш/а, 26, 51-пәтер
  • Кәсіпорын көлемі — шағын кәсіпорын (5 адамға дейін)
  • Қосылған құн салығы төлеуші емес.

Қазіргі басшысы ретінде Дәдебаев Айбек Арқабайұлы көрсетілген. Алайда оның компаниядағы үлесі, құрылтайшылары және Дәдебайдың бұл қызметке нақты қашан тағайындалғаны туралы ақпарат ашық қолжетімді емес.

компания
Фото: скрин

Uchet.kz сайтынан компанияның қарызы бар-жоғын зерттеп көрдік. Сол базадағы мәліметке сәйкес, компанияда салық берешегі, банкроттық, мемлекеттік сатып алуда жосықсыз жеткізуші мәртебесі, банк шоттарына тыйым салу және Қазақстаннан шығуға тыйым секілді белгілер тіркелмеген.

салық
Фото: скрин

Президент әкімшілігін басқарған тұста екі референдум өтті

Дәдебай Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған кезде елде екі жалпыұлттық референдум өтті. Оның бірі 2024 жылы 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша. Ал екіншісі 2026 жылы 15 наурызда Конституцияның жаңа жобасы бойынша. Ол 2026 жылы референдум туралы өзі ашық мәлімдеме жасады. Lайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын, мемлекеттік органдардың дауыс беру инфрақұрылымын қамтамасыз ету міндеті бар екенін айтты.

Атом электр станциясы бойынша референдум қарсаңында биліктің белсенділерге қатысты әрекеті де сынға ұшырады. 2024 жылы қыркүйектің соңында АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсенді ұсталып, олардың бесеуі екі айға қамауға алынған.

Кейін, 2025 жылы 26 тамызда, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыдықов “жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды” деген айыппен төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Апелляциядан кейін жаза мерзімі 2 жыл 6 айға қысқартылды.

Осылайша, Дәдебай Президент әкімшілігін басқарған жылдар Қазақстандағы маңызды саяси науқандармен ғана емес, белсенділерге қатысты болған даулы оқиғалармен де тұспа-тұс келді.

Айта кетейік, бұған дейін 143 депутаттың дауысымен Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 28 Тамыз, 2026 18:03