"Қазір қызым жоқ": Еркебұлан Тоқтар блогер Маркизамен қарым-қатынасы туралы қауесетке нүкте қойды
Актер әрі ММА спортшысы Еркебұлан Тоқтар Бейбіт Әлібековтің “По офисам” жобасында жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, әзірге қарым-қатынаста емес екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еркебұланның сөзінше, одан “Қашан үйленесің?” деп өте жиі сұрайды. Өзі де кезінде отбасын ертерек құру керек пе еді деп әзілдеді.
“Қиын, бауырым. Маған 20-21 жасымда үйлену керек еді. Қазір қызым жоқ”, – деді ол.
Спортшының айтуынша, қазір көпшілік оның қасында жүрген кез келген қызбен қарым-қатынасын байланыстырып, түрлі болжам жасайды. Бұл кейде жеке өміріне де кедергі келтіретін көрінеді.
“Қыздармен жүргенім үшін сынайтындар бар. Ал мен кіммен жүруім керек? Мені әркіммен қоса беруді қойыңдар. Үйленуім керек қой. Қызбен емін-еркін отырып, кешкі ас ішуге мүмкіндік беріңдер”, – деді Еркебұлан.
Ол жеке өмірде әзірге жолы болмай жүргенін де жасырмады. Бұл ретте мектеп кезінен сүйгенімен шаңырақ көтеріп, бүгінде балалы болып отырған ағасын мысалға келтірді.
Алайда Еркебұланның бұл мәлімдемесі желі қолданушыларының назарын аударды. Себебі бұған дейін Маркиза Аман Тасығанға берген сұхбатында екеуінің арасындағы қарым-қатынас шынайы екенін айтып, мұның жұрт назарын аудару үшін жасалған әрекет емес екенін жеткізген еді.
Ал Еркебұлан Тоқтар жаңа сұхбатында қазіргі уақытта сүйіктісі жоқ екенін мәлімдеді.