Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам жұмыс жоспарын орындай алмаған қызметкерін 200 рет отырып-тұруға мәжбүрлеген

Қызметкер отырып-тұру жаттығу
Фото: Douyin

Қытайдың Ханчжоу қаласында басшы жұмыс жоспарын орындай алмаған қызметкерін 200 рет отырып-тұруға мәжбүрлеген. Соның салдарынан қыздың денсаулығына елеулі зиян келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Ян есімді бойжеткен компанияға қаржылық кеңесші болып орналасқанымен, іс жүзінде маркетингпен айналысқан. Басшысы одан күн сайын 200 адамға қоңырау шалып, кемінде екі жаңа клиент табуды талап еткен.

28 шілдеде Ян белгіленген жоспарды орындай алмай қалады. Сонда басшысы оған екі таңдау ұсынған: айыппұл төлеу немесе 200 рет отырып-тұру. Ақшасы болмағандықтан, қыз екінші нұсқаны таңдауға мәжбүр болған. Тіпті жазаның орындалғанын дәлелдеу үшін оны видеоға түсіру талап етілген.

200 рет отырып-тұрғаннан кейін Ян аяғынан әрең тұрған. Аяқтары қатты ауырғанымен, қаржы тапшылығына байланысты бірден дәрігерге бармаған. Арада бес күн өткенде зәрінің түсі қоюланып кеткен соң ғана ауруханаға жүгінген.

Дәрігерлер оған рабдомиолиз диагнозын қойған. Бұл – бұлшықет талшықтары зақымданып, олардың ыдырау өнімдері қанға түсетін қауіпті жағдай. Ол асқынған жағдайда бүйрек жұмысының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

Емделуге Ян 1400 юань жұмсаған. Денсаулығына байланысты ол жұмыстан шығуға мәжбүр болған.

Кейін бойжеткен компания басшылығын әдейі орындалуы қиын талаптар қойып, өзін жұмыстан кетуге итермеледі деп айыптады. Ол емделуге және жолға кеткен шығындарын өтеуді, сондай-ақ өтемақы төлеуді талап еткен.

Басшысы әрекетінің еңбек талаптарына қайшы болғанын мойындағанымен, өтемақы төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін Ян еңбек инспекциясына шағым түсірді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 20:14