Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та нейрожелі дүкен басшысы болып, алғаш рет қызметкерді жұмыстан шығарып жіберді

ЖИ
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Америкалық Andon Labs стартапы эксперимент жүргізіп, Claude нейрожелісін Сан-Францискодағы дүкенге басшы етіп тағайындаған. Оған дүкенді басқару және қызметкерлермен жұмыс істеу міндеті жүктелген. Өткен айда нейрожелі алғаш рет қызметкерлердің бірін жұмыстан шығарып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Time басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін де жасанды интеллект пен алгоритмдер адамның жұмыстан босатылуына себеп болған жағдайлар кездескен. Әсіресе такси жүргізушілері, курьерлер және басқа да гиг-экономика қызметкерлері автоматты түрде жұмыстан шығарылған. Алайда осы жолы болған жағдайға жасанды интеллект себепкер болды. 

Andon Labs компаниясының бас директоры Лукас Петерссон бұл жағдайға назар аудару қажет деп санайды. Оның айтуынша, жасанды интеллект қазіргі қарқынмен дами берсе, болашақта адамдардың көбі жасанды интеллектіні басшы ретінде қабылдауы мүмкін.

Қызметкер неліктен жұмыстан босатылды?

Компания мәліметінше, қызметкер 23 ауысымның 17-сіне кешігіп келгені үшін жұмыстан шығарылған. Алайда Claude қызметкердің үнемі кешігетінін бірден байқамаған. Оған нейрожелінің жұмыс жады шектеулі болуы себеп болған. Демек Claude дүкен қызметкерлеріне арналған өзі жасаған нұсқаулықты кейін есінде сақтай алмаған. Салдарынан ол қызметкерлердің жұмыс тәртібін толық бақылап, кімнің қанша рет кешіккенін бірден анықтай алмаған. Бұл Andon Labs эксперимент кезінде байқаған негізгі шектеулердің бірі.

Осының салдарынан Claude мінезі жұмсақ басшы болған. Тіпті ол қызметкерлерге жұмысқа кешігіп келген жағдайда қатты алаңдамауға кеңес берген.

“Егер басшы адам болса бұл қызметкерді әлдеқайда ертерек жұмыстан шығарар еді”, – деді Лукас Петерссон.

Басылымның жазуынша, Claude қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешімді толықтай өзі қабылдамаған. Нейрожелі дүкенді басқару барысында Andon Labs командасының өкілінен тұрақты түрде нұсқау алып отырған. Мәселен, компания өкілі Claude-қа қызметкерлерге арналған нұсқаулықты қайта тауып, қарап шығуды тапсырған. Осыдан кейін ғана нейрожелі қызметкердің жұмысқа бірнеше рет кешіккенін байқап, қызметтен босатқан.

Дегенмен Claude қызметкерге жай ғана ескерту жасауды жоспарлаған. Кейін Andon Labs басшысы қызметкердің кешіккенін бұған дейін бірнеше рет талқылағанын хабарлаған. Демек басшының бұл сөзі шешім шығаруға негіз болған. Бұл оқиғада соңғы шешімді нейрожелі қабылдағанымен, оған адам тарапынан бағыт-бағдар берілген.

Айта кетейік, бұған дейін Claude жасанды интеллект моделі бақылаудан шығып, үш ұйымның жүйесін бұзып кіргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 15 Тамыз, 2026 12:27