Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір сағатта жетіңдер": Шұғыл шақыртуға асыққан екі өрт сөндіруші жол апатынан қаза тапты

өрт сөндірушілер
Фото: Видеодан скрин | Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікенов

Абай облысында шұғыл шақыртуға асыққан екі өрт сөндіруші жол апатынан көз жұмды. Марқұмдардың туыстары қайғылы жағдайға басшылықтың тапсырмасы себеп болуы мүмкін деп отыр. Айтуларынша, Семей мен Курчатов арасындағы 130 шақырымдық жолды бір сағатта жүріп өту талап етілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Абай облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза болған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін туыстары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Азаматтық қорғау саласында еңбек еткен Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікеновтың артында кәмелетке толмаған балалары қалды. Жақындары атпалдай азаматтар шұғыл шақыртуға асығып, жол апатына ұшырады деп отыр. Сондықтан жолдың қашықтығын біле тұра, бір сағатта жетуді талап еткен басшылардың әрекетіне құқықтық баға берілуін қалайды.

Өрт сөндіруші Ермек Сыдықов бейнебақылау камерасына іліккен жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың бірі. Семей-Курчатов тасжолында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, 36 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмды. Жан дегенде жалғыз ұлынан айырылған ана  Анар Сыдықова ұлы Ермектің шұғыл шақыртуға асыққанын айтады.

"Жет“ деді бір сағатта. Олар ұшып кетті. Бұйрыққа бағынамыз деп қыршынынан жанын қиып отыр менің балам. Оған кім кінәлі? Қызметтік тексерік болса, анық-қанығын сот өкілдері шешеді деп ойлаймын. Баламның ешкім орнын толтыра алмайды. Баламды ешкім маған қайтара алмайды. Баламның несиесін жауып, артында қалған ұрпағына, кішкентай кәмелетке толмаған балаларына көмек көрсетсін деп сұраймын. Жалғыз асыраушысы ұлым болған", – деді марқұмның анасы.

Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Осы апатта Ермектің жанында отырған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Арнұр Әдікенов те қаза болды. 33 жастағы азаматтың артында әйелі мен бір баласы қалды.

Қара жамылған отбасы қайғылы жағдайға басшылықтың тапсырмасы себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, Курчатов пен Семей қалаларының арасы шамамен 130 шақырым екенін біле тұра, өрт сөндірушілерге бір сағат ішінде жету тапсырылған.

"Екіге қарай Курчатов қаласынан шақырту болады. Бір сағаттың ішінде 130 километр жүріп өтіп, тез келулерің керек деді. Міне, бізде, ол кісілер тіпті уақытты есептеп отырады екен. Бір сағаттың ішінде сендер шақыртумен келулерің керек деп айтқан. Сонда олар 130 километр сағатына жүріп отыру қажет. Ол өте жоғары жылдамдық", – деді марқұмның қарындасы Динара Ғабитқызы.

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы қайғылы жағдайға байланысты қызметтік тексеріс басталғанын жеткізді. Жауаптылар мән-жайды анықтап, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданатынын айтты.

"Департамент қаза болған қызметкерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдауды көрсетуде және алдағы уақытта да көрсететін болады. Қазіргі уақытта департамент тарапынан болған оқиға фактісі бойынша қызметтік тергеп-тексеру басталды. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне объективті баға беріледі", – деді Абай облысы төтенше жағдайлар қызметі.

Ал жол апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қарсы бағытқа шығып кеткен "Chevrolet" көлігінде екі өрт сөндіруші болған. Ал өз жолағымен келе жатқан "Kia" көлігімен соқтығысқан. Оның ішінде болған ерлі-зайыпты да ауруханаға жетпей көз жұмды. Олардың артында алты бала қалды.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда патрульдік полиция экипажы жол ережесін өрескел бұзып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген көлікті тоқтатуға тырысқан. Қуғын кезінде Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында қызметтік Chevrolet Cobalt көлігі апатқа ұшырап, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков оқиға орнында қаза тапты. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 09:06