Демалыста жүрген полицей Қарағандыда өртенген пәтерден бес баланы құтқарды

Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбазы түтін басқан пәтерден бес баланы аман алып шықты. Олардың жедел әрекеті өрттің өршуіне жол бермеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 31 шілдеде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған.
Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан үйіне қайтып келе жатып, сегізінші қабаттағы пәтер терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқаған.
Пәтер ішінде адамдар болуы мүмкін екенін түсінген полицей бірден оқиға орнына бет алған. Сол сәтте оған Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінде қызмет ететін Асхат Маханбетжанов қосылған.
Екеуі қауіпке қарамастан сегізінші қабатқа көтеріліп, түтін басқан пәтерге кірген. Іштен қорқып қалған бес баланы тауып, оларды қауіпсіз жерге алып шыққан.
Балалардың туыстары келгенше Асхат Маханбетжанов оларды өз үйіне апарып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Ал балаларға қауіп төнбейтініне көз жеткізген Дінмұхамет Сұлтан жалын шарпыған пәтерге қайта кірген. Ол алдымен электр қуатын ажыратып, қысқа тұйықталу мен өрттің одан әрі таралу қаупінің алдын алған.
Кейін екі көршісімен бірге асүйдегі өртті сөндіруге кірісіп, өрт сөндірушілер келгенше жалынның өршуіне жол бермеген.
Полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбазының батыл әрі шұғыл әрекетінің арқасында бес баланың өмірі сақталып, ірі өрттің алдын алу мүмкін болды.
Олардың ерлігі туралы құтқарылған балалардың көршісі айтып, адам өміріне араша түскен қызметкерлерге алғысын білдірген.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз