Қостанайда аққу мен балапандарын жолдан өткізген полицей жұрттың ықыласына бөленді

Желіде аққу мен балаларын жолдан қауіпсіз өткізбек болып, қуған полицейдің видеосы көптің көңілін көтерді. Желі қолданушылары тәртіп сақшысының бұл адамгершілікке толы әрекетіне ризашылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, видеодағы кейіпкер – Қостанай ауданы патрульдік полиция взводының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Әли Ерұлан. Ол әріптесі Айдарбек Әлсейітовпен бірге қызмет атқарып жүрген кезде, жол жиегінде балапандарын ерткен аққуды байқайды. Көлік қозғалысының тығыздығына байланысты құстар жолдан қауіпсіз өте алмай тұрған. Осыған байланысты полицейлер көлік қозғалысын уақытша тоқтатып, құстардың еш кедергісіз жолдың арғы бетіне өтуіне мүмкіндік берген.
Әли Ерұланның айтуынша, бұл оқиға оған Торғай ауылында өткен балалық шағын еске түсірген.
"Әріптесім Айдарбек Әлсейітовпен бірге патрульдеу кезінде кішкентай балапандарын ерткен аққуларды көріп, көз алдыма бірден балалық шағым елестеді. Бірде біздің ауылдың маңына қоныс аударып бара жатқан аққулар тобы қонған еді. Біз ол кезде кішкентай балалар болсақ та, құстарды үркітпей, керісінше, олардың сапарын тыныш жалғастыруына көмектесуге тырысатынбыз. Бүгін де еш ойланбастан көлік қозғалысын тоқтатып, аққулар мен олардың балапандарының жолдан аман-есен өтуіне жағдай жасадық. Біреулер үшін бұл – бірнеше минуттық күту ғана, ал біз үшін – сақталған бір өмір және әлемді аз да болса мейірімді ете түсуге қосқан үлес", – деді Әли Ерұлан.
Ол ішкі істер органдарында жеті жылдан бері қызмет етіп келеді. Полицейдің айтуынша, мұндай ерекше жағдай оның қызметінде алғаш рет кездескен.
Полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті интернет қолданушыларының кең қолдауына ие болды. Көпшілік патруль қызметкерлеріне жанашырлығы мен жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.
Оқыңыз