Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың жарығы өшіп, техникасы күйсе шығынды кім өтейді? Сарапшылар түсіндірді

үйдегі техника
Фото: magnific.com

Жарықтың жиі өшуінен тоңазытқышы немесе теледидары істен шықса, тұрғын шығынды өз қалтасынан төлеуге міндетті емес. Бірақ өтемақы алу үшін техниканың электр желісіндегі ақаудан бұзылғанын дәлелдеу қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарығы жиі өшіп, тоңазытқышы, теледидары немесе басқа да тұрмыстық техникасы істен шыққан тұрғындар шығынды өтеуді талап ете алады. Ол үшін ең алдымен техниканың істен шығуына нақты электр желісіндегі ақау себеп болғанын дәлелдеу керек. Сондай-ақ келтірілген залалдың көлемі де анықталуы тиіс.

Тұрғын техниканы жөндеу орталығына көрсетіп, оның жарамсыз болғаны және істен шығу себебі туралы қорытынды алуы қажет. Жөндеу шығынын растайтын құжаттарды жинаған соң, жарыққа жауапты компанияға жүгінуге болады.

Заңгер Ғалым Телеуовтың айтуынша, ары қарай электр желісіндегі ақауға қатысты тексеріс жүргізіледі.

"Тұрғын ең алдымен техниканы жөндеу орталығына көрсетіп, оның жарамсыз болғаны және оған не себеп болғаны туралы қорытынды алғаны дұрыс. Осы құжаттармен электр энергиясын жеткізуші компанияға шығынды өтеу туралы талап қоюға болады. Егер компания талапты орындамаса, тұрғын сотқа жүгініп, келтірілген материалдық шығынды өндіріп алуды сұрай алады", – деді заңгер.

Егер компания өтемақы төлеуден бас тартса, мәселені сот арқылы шешуге болады дейді заңгер. Алайда мұндай арыз-шағыммен сотқа жүгінетін тұрғындар өте аз.

“Алатау жарық компаниясы" АҚ Құқықтық сүйемелдеу басқармасының бас маманы Алена Сүйіндікова электр желісіндегі ақау компания тарапынан тексерілетінін мәлімедеді.

"Ал тұрмыстық техниканың істен шығу себебі сервистік орталықтың немесе тәуелсіз сарапшының қорытындысы негізінде анықталады", – деп түсіндірді маман.

Маманның айтуынша, техниканы сатып алған кезде берілген кепілдік талонын, түбіртегін және өзге де құжаттарды сақтап қойған дұрыс. Себебі олар кейін техниканың құнын және келтірілген шығын көлемін дәлелдеу үшін қажет болуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін де Алматы мен Алматы облысында электр қуаты жаппай өшкен жағдайлар болған. 14 тамызда сағат 14:38-де "KEGOC"-қа тиесілі жоғары кернеулі желілердің апаттық ажыратылуынан қала мен облыстың бірқатар аумағында жарық сөніп, апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Энергетиктер электрмен жабдықтауды кезең-кезеңімен қалпына келтірген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 08:26